Сенбі, 21 Желтоқсан 2024 11:32

Түркістан облысы: Мақтааралдық кәсіпорын мақта сапасының сақталуына ерекше көңіл бөледі

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мақтаарал ауданына жұмыс сапарын индустриалды аймақта орналасқан «ZHANASSYL» ЖШС-нің мақта зауытының жұмысымен танысудан бастады. Зауыттың жылына 65 мың тонна мақта өңдеуге мүмкіндігі бар. Автоматты басқару жүйесінде жұмыс атқарады. Серіктестік директоры Абылай Тыныбаев 11 мақта қабылдау бекетінде мақта жинақталып, 3 бекетте қырманнан өнім қабылданып жатқанын жеткізді. Биыл 50 мың тонна мақта өңдеуге ниетті. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорында өңдеу барысында мақта сапасының сақталуына ерекше көңіл бөлінген.

«Мырзакент» ЖШС мақта өңдеу зауыты да қазіргі таңда жұмыс қарқынын арттырған. Аудандардағы мақта қабылдау бекеттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. Өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайтын кәсіпорынның бас директоры Берік Қыдыралиев облыс әкімінің орынбасарына мақта өндірісін дамыту, жоғарғы сұрыпты тұқым өндіру және мақта өңдеу барысындағы сақталуы тиіс талаптар бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді.Биыл Мақтаарал ауданда 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Қазіргі таңда мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізілген. Қазірдің өзінде аудан бойынша 18 мың гектар алқаптан мақта теріліп, 48 мың тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылынан алынатын болжамдық өнім көлемі 92,3 мың тоннаны құрап, жалпы орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден түседі деп болжануда.

Мақтаны өңдеумен ауданда 9 зауыт айналысады. Оларға тиесілі 34 мақта қабылдау бекеті бар. Сондай-ақ Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары тамшылатып суару технологиясын меңгеру арқылы өнімділікті арттырған «Хамро ата» өндірістік кооперативінің алқабына да барды. Жобаның ерекшелігі қарапайым әдіспен егілген мақта алқаптарымен салыстырғанда су көлемін 50 пайызға үнемдеп, өнімділікті гектарына 60-70 центнерге жеткізуге мүмкіндік береді. Шаруалармен пікірлесу барысында Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тиісті қолдаулардың жүзеге асатынын айтып, жерді мақсатты игеру, диқандар арасында ауыл шаруашылығының жаңалықтарын, әсіресе су үнемдеу әдістерін кеңінен тарату мәселелеріне тоқталды.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жер құнарлығы мен ауа-райының ерекшеліктерін назарға ала отырып, мақтаның жаңа тұқымдарын шығарумен айналысып келеді. Станция тарапынан бүгінге дейін мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары 15 түрлі сұрып шығарылған. Серіктестік төрағасы Нұрман Дәуренбек орталықтың өзекті мәселелерін ортаға салды. Техникалық жабдықтарды жаңартуға жағдай жасалса, зерттеу жұмыстарының шаруаларға көп көмегі тиетінін алға тартты. Топырақты терең қопсыту технологиясы, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы, мақтаны жаңбырлатып суару технологиясы, арықшалармен суару технологиясы және мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру технологияларын әзірлеген ғылыми мекеме облыс әкімінің орынбасарына кезекті жаңалықтарын ұсынып, күтілетін нәтижелерімен таныстырды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары жұмысын 2020 жылы бастаған күріш өңдеу зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Күніне 20 тонна күріш өңдеуге қуатты кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Мақтааралда биыл 1327 гектарға күріш егілген болатын.

Түркістан облысы мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған "Global textile. Turkistan" жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар. Айта кетейік, аталған компания Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін де ашқан болатын.

Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан облыс басшылығы тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірлеген. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асыру көзделген. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән берілмек.

Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген болатын.

Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.

Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.

Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облы­сының шаруалары соңғы жылдары баға мә­се­лесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Мақташылар көтеріп жүргенбұл мәсе­ле жергілікті билікке мәлім және облыс әкімі тарапынан тиісті шара­лар атқарылып жатыр. Дегенмен бұл облыс әкімдігі дең­гейін­де шешілетін мәселе емес екенін де ұмытпаған абзал. Сондық­тан да осы салада еңбек ететін 25 мың­ға жуық агроқұрылым, миллионнан астам тұрғын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, мақ­та­­шы­лардың мұң-зары, нақты ұсыныс-пі­кір­лері ескеріле отырып, мемлекет тарапынан қол­дау болатынынан үмітті. Елордаға қа­рап елеңдеген диқандар Президент пәр­­ме­німен оң өзгеріс болатынына сенеді.

Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.

Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. 2023 жылы облыста 125 мыңнан астам алқапқа мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрағаны белгілі. 350 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет