– Түркі әлемі үшін қасиетті Түркістанның орны айрықша. Түркістан – Тұран даласындағы ең көне қалалардың бірі. Мұнда Ахмет Ясауи бабамыз өмір сүрген. Бұл шаһар Қазақ хандығының астанасы болған. Қазақтың хандары мен билері, батырлары осында мәңгі қоныс тепкен. Алты жыл бұрын Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Мұнда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Түркия елінен келетін инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Ибрагим Тюйлю Түркістан облысы әкімдігінің делегациясымен Түркияда кездескенін, жобаларды талқылағанын атап өтті. – Сіздің өңірдің делегациясымен Түркиядағы кездесуде Түркістанның инвестициялық әлеуеті туралы ақпарат алдық. Соны көзбен көру үшін арнайы келіп отырмын. «Өндірістік паркті» аралап, ғимараттарды көрдім. Жеделсаты өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Жобаны жылдам жүзеге асырып, жұмыс істеуге ниеттімін. Бұл кәсіпорында қазақ жастары жұмыс істейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еттім. Сізді де Түркия еліне маңызды жобаларды бірге талқылауға шақырамын. Іскерлік байланыс нығайып, бауырлас елде инвестициялық жобалар көбейе берсін, – деді түркиялық инвестор.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта, «Өндірістік парк» аумағында инвесторлар тартып, кәсіпорындар ашу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері Түркістан облысына 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты.
Сондай-ақ, Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бір топ шетелдік инвестор мен кәсіпкерді қабылдап, келіссөздер жүргізді.– Тарихы тереңде жатқан Түркістанға қош келдіңіздер. Алты жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, аймақтың жаңа даму жоспары жасалды. Мақсатымыз – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, өңірдің экономикасын көтеру. Осы мақсатта бірнеше мемлекетке барып, келіссөздер жүргіздік. Байланысқа, әріптестікке әрдайым ашықпыз. Өңірімізде қолайлы бизнес-климат қалыптасқан. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар бар. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Инвесторларға тез жобасын жүзеге асыруға жағдай жасалған, – деді Дархан Сатыбалды.
«Shaanxi Zhonghuang Huancheng Technologi Co., Ltd» компаниясының бас директоры Ли Хайнан жоғары деңгейде қарсы алып, жобаларды талқылауға мүмкіндік тапқан облыс әкіміне алғысын білдірді. Кәсіпкерлер Түркістан қаласының сәулетіне, инвестициялық әлеуетіне жоғары бағаларын берді. Бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.Айта кетейік, Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге аса бастады. Жоба аясында 308 млрд. теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады (10 нысан салынды). 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге Арнайы экономикалық аймақта да маңызды жобалар жүзеге асырылмақ.
Сонымен бірге, Түркістан облысының делегациясы шет мемлекеттерге барып, инвестиция тарту бойынша кездесулер ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп жатқан белгілі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған облыс делегациясы инвестиция тарту, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу бағытындағы жұмыстар Қытай елінде жалғасты. Іссапардың алғашқы күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған делегация ҚХР-ның Бейжің қаласында өткен «Болашақ үшін әлемді біріктіру» атты CISCE халықаралық көрмесіне қатысты.
Бұл бизнес шараға ғылым және технология салаларының жетекші өкілдер қатысып, жеткізу тізбегінің алты негізгі бағыты бойынша жетістіктерін көрсетті. Нақтырақ айтқанда, озық өндіріс, экологиялық таза энергия, ақылды көліктер, цифрлық технологиялар, салауатты өмір салты және жасыл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жеткізу тізбегі қызметтерінің жетістіктерін ұсынды. Көрмеде тұрақты даму мен жаһандық жеткізу тізбегін жетілдіруге бағытталған ең озық, заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды.
Маңызды шара барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары халықаралық компаниялар өкілдерімен кездесіп, экологиялық таза технологиялар, ақылды көлік шешімдері және жасыл ауыл шаруашылығын дамыту салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Ірі компания өкілдерін Түркістан облысына инвестиция тартуға шақырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат