Сейсенбі, 22 Сәуір 2025 10:44

САУРАНДА ЖЫЛЫНА 10 ТОННА ҚҰЛПЫНАЙ ӨНІМІН БЕРЕТІН ЖЫЛАЖАЙ БАР

Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мухитдинов» шаруа қожалығы табиғи өнім өндіру ісін қарқынды түрде дамытып келеді. Жеке кәсіпкер Алымжан Мухитдинов құлпынай өсіру ісіне заманауи технологияны енгізіп, жылыжайда тамшылатып суғару әдісі арқылы экологиялық таза өнім өндіруді жолға қойған.

2024 жылы іске қосылған жобаның инвестициялық құны – 300 миллион теңге. Қазіргі таңда 0,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда өсірілетін құлпынай ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен жетіледі. Бұл – өнім сапасының жоғары болуын және адам денсаулығына пайдалы дәрумендерге бай болуын қамтамасыз етеді.

– Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілген құлпынайымыз дәмді әрі ағзаға қажетті дәрумендерге толы, – дейді шаруа қожалығының иесі .

Қожалық иесінің айтуынша, бұл құлпынай түрі бір маусымда бірнеше рет өнім беріп, жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Жоба іске қосылған уақыттан бері жылына кемінде 10 тонна өнім жиналады. Қазіргі таңда өнімнің басым бөлігі Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық аясын екі есе кеңейтуді жоспарлап отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 18 рет