Сәрсенбі, 14 Мамыр 2025 20:31

Сауран ауданы: Шорнақта инвестициялық құны 300 миллион теңгені құрайтын жоба сәтті жүзеге асырылуда

Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «МУХИТДИНОВ» шаруа қожалығы табиғи өнім өндіру ісін қарқынды түрде дамытып келеді. Жеке кәсіпкер Алымжан Мухитдинов құлпынай өсіру ісіне заманауи технологияны енгізіп, жылыжайда тамшылатып суғару әдісі арқылы экологиялық таза өнім өндіруді жолға қойған.

2024 жылы іске қосылған жобаның инвестициялық құны 300 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда 0,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда өсірілетін құлпынай ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен жетіледі. Бұл — өнім сапасының жоғары болуын және адам денсаулығына пайдалы дәрумендерге бай болуын қамтамасыз етеді.«Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілген құлпынайымыз дәмді әрі ағзаға қажетті дәрумендерге толы», – дейді шаруа қожалығының иесі Алымжан Мухитдинов.

Қожалықтың айтуынша, бұл құлпынай түрі бір маусымда бірнеше рет өнім беріп, жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Жоба іске қосылған уақыттан бері жылына кемінде 10 тонна өнім жиналады. Қазіргі таңда өнімнің басым бөлігі Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық аясын екі есе кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен жергілікті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам саналады.

өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін айтады. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді.

Өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші болып табылады.

2025 жылы аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланған болатын. Осы жоспарға сәйкес, егістік алқаптары толықтай дайындалып, көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 5685,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Сонымен қатар, 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет