“Бүгінгі өткізіліп отырған «Қоқыссыз өзен: экология, спорт және қауіпсіздік» атты сенбілік – жастарды табиғатты қорғауға, су ресурстарына ұқыптылықпен қарауға және жазғы маусымдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға үндейтін маңызды шара. Бұл тек тазалық жұмысы емес, бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға, әрі жастарды белсенді өмір салтына бейімдеуге бағытталған шара. Сонымен қатар, бүгінгі іс-шарада төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының қатысуымен қауіпсіздік ережелері мен алғашқы көмек түсіндірілді.
Әсіресе, суға түсуге рұқсат етілмеген жерлердің қаншалықты қауіпті екендігіне жастардың назарын аударту – қазіргі уақытта өте өзекті мәселе. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген мұндай шаралар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табуы керек деп есептеймін. Себебі қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың азаматтық борышы”,- деді Ернар Бектаев.
Жалпы Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл жұмыстар күшейтіле түсті. Жоспарға сәйкес елді мекендерде сенбіліктер өтіп, облыс көлемінде «Үлгілі ауыл» байқаулары өткізіліп, үздік елді мекендер анықталды. Одан бөлек, өңірде абаттандыруға, нысандардың қасбеттерін, жарықшамдар мен субұрқақтарды күтіп-ұстауға, жол белгілерін ретке келтіруге көңіл бөлінген. Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, діни нысандардың тазалығы назарда.