Бейсенбі, 31 Шілде 2025 12:20

Түркістан қаласында жылына 1000 тоннадан астам нан және ет өнімдерін өндіретін кәсіпорын жұмыс істеуде

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Іссапар барысында шаһар басшысы «Ақ Жол Фудс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік әлеуетін көріп, өндіріс процесі мен инфрақұрылыммен қамтылу барысымен танысты.

Кәсіпорын жылына 1000 тоннадан астам нан өнімдерін өндірумен қатар, ет өнімдері – атап айтқанда, шұжық және сосиска түрлерін дайындаумен де айналысады. Түркістан қаласында орналасқан бұл өндіріс орны бүгінде 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бұл жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жергілікті шағын және орта бизнесті дамытуға елеулі үлес қосуда. Түркістанда өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында қала әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, өндірістік аймақтарды инфрақұрылыммен қамту, инвесторларды қолдау және отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау көрсету бағытында кешенді шаралар іске асуда.

Өндірістік нысандарды аралау барысында қала әкімі кәсіп иелерімен пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру мен өндіріс ауқымын кеңейтуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.

Қала экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сала мамандары былтыр инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етері сөзсіз.

Бүгіне Түркістан қаласындағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Мәселен, бір кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді. Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды.

Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылы және былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).

Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

2024 жылғы қалалардағы өмір сапасы рейтингінде Түркістан қаласы 10 балдан 6,43 балл жинап, бірінші орынды иеленді. Қала 2023 жылы да көшбасшы болды, ол кезде 5,19 балл жинаған еді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 24%-ға артқан.Қала «Экология және қауіпсіздік» (8,09 балл) және «Адам ресурстары» (6,66 балл) көрсеткіштері бойынша бірінші орынға, ал «Инфрақұрылым» (5,56 балл) көрсеткіші бойынша үшінші орынға ие болды. «Экономика және бизнес» факторы бойынша қала 5,47 балмен төртінші орында.

Рейтинг нәтижелеріне сәйкес, Түркістан қаласының экономикалық және бизнес саласын дамытуға, әсіресе өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартуға назар аудару қажет. Қалада өздігінен жұмыспен қамтылған халықтың үлесі жоғары, оларды нақты экономиканы дамытуға тарту мүмкіндігі бар.Қалада қолайлы бизнес ортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді.

Түркістан қаласының одан әрі дамуы үшін инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерді жақсартуға шоғырлану қажет. Мектепке дейінгі мекемелер санын арттырып, мектептердің материалдық базасын жақсарту маңызды. Тұрғындардың пікірінше, саябақтар, спорт алаңдары мен ойын-сауық орталықтарының санының көбеюі өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ, тұрғындар су құбыры және канализация жүйелерін жақсарту, қоғамдық көліктің жұмыс тиімділігін арттыру қажеттілігін атап өтуде. Қазақстанның өңірлік әл-ауқат индексі бойынша, өңірде жұмыс сапасы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, экономикалық жағдай, денсаулық сақтау, экология және әлеуметтік байланыстар сапасы көрсеткіштері жақсарғаны байқалады.

Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Айта кетелік, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7 143 азамат жоспарланса, 6 501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

Былтыр жыл соңында Түркістан облысының әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста облыс орталығында жаңадан салынатын жобалар таныстырылып, құрылысы жүріп жатқан жаңа нысандардың сәулетіне қатысты талқылау өткізілген болатын. Түркістан қаласында салынатын жаңа ғимараттардың сыртқы әрлеу жұмысы, ішкі дизайны мен сыртқы көрінісіне қатысты сәулеттік үлгілер ұсынылды. Оған жауапты басқарма басшылары, сәулетшілер, қала әкімдігі мен өзге де мекемелердің басшылары қатысқан еді.

Сол кездегі облыс әкімі Д.Сатыбалды әрбір нысанның құрылысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, жаңа нысан салуға бел буған жеке инвесторларға бастаған құрылысты орта жолдан аяқсыз тастауға болмайтынын қатал ескертіп, сапа мен құрылыс мерзімінің қатаң сақталатынын жеткізген-ді. – Түркістанда бизнес ашуға келген жеке кәсіпкерлер өз істеріне аса жауапкершілікпен қараса игі. Мемлекеттен жерін алып, бастаған істі орта жолдан аяқтаусыз қалдыруға жол берілмейді. Түркістанның әрбір нысаны талапқа сай болуы тиіс. Басталған құрылыс мерзіміне сәйкес уақытта аяқталуы қатаң бақылауда болады. Құрылыс пен абаттандыру жұмыстары үйлесімді атқарылуы тиіс Құрылыс саласының соңғы технологиялары қолданылған жөн, – деген болатын облыс әкімі.

Бүгінде Түркістан қаласындағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Мәселен, бір кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді. Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды. «Жаңа қала» аумағында құрылысы басталған 9 қабатты 7 көпқабатты тұрғын үй кешенінің қастебіне қатысты бірнеше үлгі ұсынылды. Мамандардың ұсыныстары тыңдалды.Баспаналардың қасбеті ұлттық нақышта безендірілуі тиіс. Сонымен бірге отырыста модульді үйлер салу, жекеменшік емхана салу, спорт кешенін салуға ниеттілер өздерінің жобаларын таныстырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 7 рет