Делегация құрамында Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев болды. Ақтөбе ауылдық округінде жалпы 500 гектар жерге жоспарланған жылыжай кешенінің бірінші кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр, жобаның құны 42 млрд теңгені құрайды және «Қазақстан Даму Банкі» тарапынан 23,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданған. Қазіргі таңда 8 блоктан тұратын кешеннің қазандық құрылысы 80 пайызға орындалып, жалпы қуаттылығы 14 МВт болатын 9 қазандық орнатылған. 37,76 гектар аумақта жылыжай блоктарын полиэтиленмен қаптау жұмыстары аяқталып, 12,5 гектарлық екі блок көшет отырғызуға толық дайын.
Қазан айында 6,25 гектар жерге “Климон F1” қызанақ көшеттері отырғызылып, нысанда 100 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылғанда 1337 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жылына 25 мың тонна өнім беретін голландиялық технология енгізілуде. Жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін газ, электр және су жүйелері тартылуда. Делегация мүшелері жылыжай кешенінің өңірдің агросекторын дамытудағы маңызын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқындылығына оң бағасын берді.
Сондай-ақ, Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округі, Жүзімдік елді мекені аумағында жүзеге асып жатқан минералды су зауытының инвестициялық жобасы аясында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев пен тиісті салалық бөлім басшылары инвесторлармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында жоба жұмыстарының барысы таныстырылып, зауыттың қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда өндіріс орнының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, заманауи қондырғылар зауыт аумағына жеткізілген. Мамандар құрал-жабдықтарды монтаждау және іске қосу алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жобаның аймақ үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.— Бұл өндіріс орны – Келес ауданының инвестициялық әлеуетін арттыратын маңызды нысан. Зауыттың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті экономиканың дамуына және өңіріміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі, – деді аудан әкімі.
Инвесторлар өз кезегінде жобаны белгіленген мерзімде толық аяқтауға дайын екендерін жеткізді. Олар зауыт іске қосылғаннан кейін жыл көлемінде жоғары сапалы минералды су өндіріп, ішкі нарыққа және экспорттық бағытқа шығару жоспарымен бөлісті. Минералды су зауытының іске қосылуы Келес ауданында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және өңірдің жалпы экономикалық өсіміне оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Келес ауданында өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 48,2 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 209,4% болды. Биыл 41 млрд теңгеге инвестиция тарту көзделген. Жеке кәсіпкерлер есебінен өткен жылы 3,8 млрд теңгенің 10 жобасы іске асырылып, 235 жұмыс орны ашылды. Биылғы жылдың соңына дейін 63,2 млрд теңгенің 5 жобасын жүзеге асырып, 2180 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.Өнеркәсіп өнімі 5,4 млрд теңгеге жетіп, жоспар 103,1% орындалды. Биыл 6,2 млрд теңгеге жеткізу межеленген. Қыш, асфальт, темірбетон, гофрокартон және сүт өңдеу зауыттарын іске қосу көзделуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өткен жылы 70,1 млрд теңгені құраса, биыл 83,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Су үнемдеу технологиясы 1300 гектарға енгізілді, биыл тағы 1171 гектарға енгізу көзделуде.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында өткен жылы 600 орындық мектеп және үш елді мекенде 300 орындық мектептер пайдалануға берілді. Ауданның 71,1%-ы табиғи газбен, 81,9%-ы сапалы электр қуатымен қамтылған. Өткен жылы 18 көшеге асфальт төселіп, жақсы жолдардың үлесі 61,2% болды. Биыл 21 көшеге орта жөндеу жүргізіледі. Алда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеу өнеркәсібін өркендету, инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ ауданды абаттандыру жұмыстарын жалғастыру міндеті тұр. Инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтау, жолдарды жөндеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер аудан басышылығының жіті назарында.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат