Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өнеркәсібі, өндірістік кооперацияны дамыту және жаңа кәсіпорындар ашу бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Облыс әкімінің орынбасары өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында 21 индустриялық аймақ, шағын өнеркәсіптік парктер және салықтық әрі кедендік жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық аймақ табысты жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар өңір ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша республикада жетекші орында және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндікке ие.
– Түркістан облысы – жоғары экономикалық әлеуеті бар стратегиялық өңір. Біз инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің орынбасары. Өз кезегінде Лю Чуаньу Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, қытайлық бизнес өкілдерінің Қазақстанмен, соның ішінде Түркістан облысымен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Huahe International» компаниясы 2010 жылы құрылған және Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы инвестициялық әріптестікті дамытуға маманданған. Компания инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, нарықтық талдау жүргізу және трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында белсенді жұмыс атқарады. Бұл кездесу Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат