Жұма, 19 Маусым 2026 13:30

Сауран: Қарашық ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша есеп беру кездесуі өтті

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, округ әкімінің 2026 жылдың алғашқы төрт айында атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары бойынша есеп беру жиынына қатысты. Кездесу барысында Қарашық ауылдық округінің әкімі Сәкен Оразбаев ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Биыл ауыл шаруашылығы саласына 700 млн теңге инвестиция тарту жоспарланып, бүгінгі таңда оның 254,3 млн теңгесі игерілген. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,5 млрд теңгеге жетіп, 2600 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Сонымен қатар ет және сүт өндірісі бойынша да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Атап айтқанда, желдету жүйесіне арналған ауа құбырларын шығаратын өндіріс орны, екі жиһаз өндіру цехы және заманауи демалыс кешені пайдалануға берілді.Округ аумағында 10 гектар жерге индустриалды аймақ құрылып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 20 кәсіпкерге жер телімдері беріліп, 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,86 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 224 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Коммуналдық салада да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Құмтүйін елді мекенінде күн энергиясымен жұмыс істейтін жарық шамдары орнатылып, электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы интернетпен қамту мақсатында талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылуда. Ауыз сумен қамту мәселесін шешу бағытында Қарашық елді мекенінде 400 метрлік тік ұңғыма қазылып, пайдалануға берілсе, Құмтүйін елді мекенінде осындай жоба жүзеге асырылуда.

Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 60 рет