Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, тамшылатып суару технологиясы арқылы 550 гектар жерге мақта дақылы егілуде. Сонымен қатар, шаруалар тарапынан 5 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Мал шаруашылығында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылды. Жайылымдық жерлер мен буферлік аймақтарда кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары жүзеге асырылды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жалпы құны 6,6 млрд.теңгеден асатын инвестициялық жобалар іске асырылуда. Құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану салаларындағы кәсіпорындардың құрылысы жүргізілуде. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 620 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ өндірістік алаңда кондитерлік өнімдер өндіру, сүт өнімдерін өңдеу, ауыз суды қайта өңдеу, медициналық киім тігу, пластикалық ыдыс шығару, мал азығын өндіру және көкөніс сақтау қоймаларын салу бағытындағы 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жиын барысында коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша жауапты бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Кездесу соңында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар талқыланып, оларды шешу бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Осы тұста айта кетсек, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Жүйнек ауылдық округінде салынып жатқан 150 орындық сауықтыру лагерінің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Жоба пайдалануға берілгеннен кейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға және сауықтыру қызметтерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінде салынып жатқан мал бордақылау алаңдарының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда округ аумағында 6 жеке кәсіпкер тарапынан мал бордақылау алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Аудан басшысы нысандардың құрылыс сапасына назар аударып, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тиісті тапсырмалар берді.
Мұнан өзге Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапары барысында Жүйнек ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «JADO GRUP» ЖШС-нің жиһаз өндіру цехының құрылыс алаңында болды. Жоба бастамашысы – «JADO GRUP» ЖШС төрағасы Ж. Абдихаликов. Инвестиция көлемі 400 млн теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылған жағдайда 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, өндіріс саласын дамытуға бағытталған жобалардың өңір экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат