Сенбі, 20 Маусым 2026 13:55

Түркістанның туристік тартымдылығын арттыруға әсер ететін ғимараттардың жай-күйі талқыға түскен жиын өтті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиын өтті. Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырырылуы жоспарланған бірқатар бастамалар қаралды. Жиын барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды.

Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Кеңес отырысында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін Рәміздер алаңын салу, жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталығын ашу, футбол академиясын ашу секілді жобалар талқыланды. Сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған жоба ұсынылды.

 Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін electroсar бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр.

 Одан бөлек Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді. Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы мен Түркі елдерінің орталығын салу жобасы баяндалды.

Осы тұста Түркістанның туризм әлеуеті мен жаңа мүмкіндіктері, дамуының келешегі туралы азды-көпті әңгіме қозғасақ. Түркістан — Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ғана емес, сонымен қатар елдің туризм саласының жаңа келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын қала. Бұл қала өзінің бай тарихымен, киелі жерлерімен және мәдени мұрасымен танымал болғандықтан, туризмнің даму әлеуеті зор. Түркістанның туризм саласын дамытудың жаңа кезеңі қазіргі заманғы талаптарға сай көптеген мүмкіндіктерді ұсынады.

Түркістанның тарихы тереңде жатыр және бұл қала әлемнің көптеген елдерінен келетін туристер үшін қызығушылық тудырады. Қала, әсіресе, Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен танымал, бұл жер түркі әлемінің діни және мәдени орталығы ретінде саналады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген және бұл жерде жыл сайын мыңдаған зияратшылар мен туристер бас қосады. Түркістан қаласының тарихи маңыздылығының арқасында, қаланың ежелгі ескерткіштері мен мәдени орындары туристер үшін ерекше тартымды. Қалада орналасқан тарихи жәдігерлер мен архитектуралық ескерткіштер, әсіресе ислам мәдениетінің құндылықтарын көрсететін орындар, халықаралық деңгейде үлкен қызығушылық туғызады.

Қалада соңғы жылдары туризм инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Түркістанды туристер үшін ыңғайлы және қызықты ету үшін заманауи қонақ үйлер мен туристік орталықтар салынды. Бұл инфрақұрылым қалаға келетін саяхатшыларға жоғары сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында туроператорлар мен қонақ үй кешендері жаңа турлар мен бағдарламалар ұсынып отыр. Туристерді тарту үшін түрлі мәдени іс-шаралар, фестивальдер мен көрмелер ұйымдастырылып, Түркістанның бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін әлемге танытуға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысының табиғи байлықтары да оның туризм саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл аймақтың таза табиғаты, таулар, өзендер мен ормандар экологиялық туризмді дамыту үшін өте қолайлы. Туристер Түркістанның табиғи сұлулығын тамашалауға, экологиялық турларға қатысуға мүмкіндік алады. Аймақтың экологиялық туризм саласын дамыту үшін табиғатқа зиян келтірмей, тұрақты туризм тәжірибелерін енгізу маңызды. Түркістанның табиғи ресурстары мен қорықтарында туризмді дамыту арқылы аймақтың экономикалық жағдайын жақсартуға болады.

Түркістанның мәдени туризм әлеуеті де зор. Қала жыл сайын түрлі мәдени және өнер фестивальдерін өткізеді, олар жергілікті дәстүрлер мен халық өнерін көрсетуге бағытталған. Мысалы, Түркістанда өтетін түрлі фольклорлық және өнер шаралары, сондай-ақ ұлттық мерекелер, қалаға келетін туристер үшін ерекше қызығушылық туғызады. Сонымен қатар, Түркістанның мәдени өмірінде халықтық қолөнер, музыкалық өнер мен би, дәстүрлі киімдер мен аспаздық мәдениет маңызды рөл атқарады. Бұл мәдени құндылықтар туристерге дәстүрлі қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын таныстыруға мүмкіндік береді.

Түркістанның туризм саласын дамыту үшін халықаралық деңгейде таныту маңызды. Қалада шетелдік туристерді тартуға бағытталған маркетингтік шаралар мен таныстыру іс-шаралары қолға алынып жатыр. Түркістанның әлемдік туризм нарығында өз орнын табуы үшін халықаралық туристік көрмелер мен форумдар өткізу маңызды. Бұл шаралар қалаға шетелден келетін туристерді көбейтуге мүмкіндік береді.Туризмнің жаңа даму бағыты Түркістанды тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның туристік орталығы етуге мүмкіндік береді. Түркістанның тарихи және мәдени мұрасы оны туристер үшін тартымды етіп қана қоймай, экономикасын да дамытуға ықпал етеді.

Түркістан қаласы өзінің тарихи мұрасы, мәдени байлығы және табиғи сұлулығымен ғана емес, сондай-ақ заманауи туризм инфрақұрылымының дамуы арқасында болашақта әлемдік туристік аренада маңызды орынға ие болады. Қаладағы туризм саласының дамуы тек экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, сондай-ақ Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын әлемге танытуға ықпал етеді. Түркістанның туризм саласын дамыту барысында мәдениет, тарих, табиғат және экология сияқты факторларды үйлестіре отырып, қала аймақтық және халықаралық деңгейде тартымды туристік бағытқа айналуы мүмкін. 

Қазақстан туризмі дамып, қарқын алып келе жатыр. Туристік саланың дамуы бір табиғаттың әдемілігімен ғана емес, туристік бағытты дамытуға арналған құндылықтарымен де ерекшеленеді. Туризм – әлемдік экономикада басты рөлдердің бірін атқарады. Адамдардың өз аумағынан тыс жерлерге орналасуы мен тұрақтануынан туындаған іс-әрекеттер мен құбылыстардың жиынтығы. Егер олардың орналасуы мен тұрақтылығы  негізгі, тұрақты немесе уақытша пайдаланылмаған болса.

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының  тарихи-туристік нысандары да жетерлік. Сондықтан Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Мағжан ақын жырлағандай, «Екі дүние – есігі, ер түріктің – бесігі», түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, яғни түркі дүниесінің  рухани астанасы болып отыр. Облыс орталығы болғалы Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін «Алтын көпірге» айналуда.  Орта Азия елдері мен Түркия мемлекетінің жалпы съездері, мәдени-рухани басқосулары, түркі мемлекеттерінің саммиттері Түркістан шаһарында жалауын көтереді. Оның мақсаты – рухани қалада  экономика және әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіріп, мәдениет, білім және рухани ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру.

Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Облыс төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мүмкіндік туғызады. Түркістанның киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Киелі шаһар ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы болғандықтан, Ұлы Жібек жолының бойында оның құндылығы арта түседі.

Облыстың туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.

Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытында салынған «Түркістан тарихи-этнографиялық орталығындағы» тарихи-мәдени жәдігерлердің орны бөлекше. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ашылған бұл орталықтың туристерге берер тәлімдік-танымдық маңызы зор. Бүгінде бұл орталық ғимараты қала әкімдігіне ауысып, жаңадан «Ұлы Дала Елі» атты бүкіл тарихынан жанды сыр шертетін кешенді құрылыс ғимараты осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде кез келген турист, не қонақты апарып көрсететін арнайы тарихи орынға айналған. Ғасырлардан-ғасырларға жалғасып келе жатқан қазақ тарихының қырлары мен сырлары осы ғимаратқа кірген туристердің танымын арттырып, баурап алары анық. Осы тарихи жәлігерлердің өзі-ақ қаншама ғасыр өтсе де,  киелі қалаға туристерді қабылдауда маңыздылығын жоймай, кейінгі ұрпақтың көзіне сүртіп көрсетер құндылығы болуда.

Түркістанға келетін туристердің саны күн санап артып келеді. Рухани астанамызға ағылатындардың қатарында шетелдіктер де көп. Нақты айтқанда, Түркістанға келетін туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр.  Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі  түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының  дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Туризмнен түскен табыс халықтың экономикасы мен тұрмысының көтерілуіне игі ықпалын тигізеді. Қазақстанның, оның ішінде Түркістанның туризміне қолайлы, тарихи орындар, салынып жатқан небір алып нысандар, аспанмен бой таласқан зәулім ғимараттар, жасалып жатқан көптеген игі істер жайында түннен-таңға айтуға болады. Осының бәрі түркістандықтар үшін оның бақытты тұрмысы, келген туристің жақсы серуені мен саяхаты, ең бастысы, келер ұрпақтың жайлы өмірі үшін сақталып келген, жасалып жатқан құндылықтар екені даусыз! Алдағы уақытта Түркістан туризмі дамып, өркендеп, әлем елдерімен иық теңестірері, ол жөнінде әлі талай айтыла берері де сөзсіз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 50 рет