Құрылысы биыл наурыз айында басталған аквапарк пен туристік-сауықтыру кешені 11,7 гектар аумақта орналасқан. Жоба толық іске қосылған кезде жылына 200 мыңға дейін келушіні қабылдауға мүмкіндік береді. Нысан Түркістан тұрғындары мен қала қонақтарына заманауи демалыс пен ойын-сауық қызметтерін ұсынады. Құрылыс барысын аралаған облыс әкімі жобаның өңір туризмін дамытудағы маңызына тоқталып, жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. – Түркістан үшін маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын туристер легі артып келеді. Бұл аквапарк те елімізге танымал туристік орынға айналып, өзге өңірлер мен шетелдерден де саяхатшылар келеді деген сенім мол. Жоба уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы қажет, – деді Нұралхан Көшеров. Жоба инвесторы, «Turkistan Onelee Cultural Tourism Investments Co.Ltd.» ЖШС-нің директоры Яньтао Ли Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, өңір басшылығының қолдауына ризашылығын білдірді.
Жоба аясында 67 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, толық аяқталуы 2028 жылға жоспарланған. Бірінші кезеңде саяхатшыларды қабылдау, тіркеу, киім ауыстыратын бөлмелері бар ғимарат және шомылатын орын, су аттаркциондары пайдалануға беріледі. Айналмалы аквапарк салынады. Екінші және үшінші кезеңдерінде отбасылық демалыс аймағы, қонақ үй және ресторан салынады деп жоспарланған. Әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары, алып толқын бассейндері және демалыс аймақтарымен қамтылады. Жалпы, заманауи аквапаркта демалушыларға барлық жағдай жасалады деп күтіліп отыр. Айта кетейік, «Turan» аквапаркі-су саябағы Түркістандағы туризм индустриясын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жобалардың бірі саналады. Нысан іске қосылғаннан кейін өңірге келетін туристер санын арттырып, қаланың халықаралық туристік орталық ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Мемлекет басшысы туризмді экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап, өңірлердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген. Осыған сәйкес Түркістан облысында туризмді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Түркістан облысына соңғы 8 жыл ішінде 2,5 миллионнан астам турист келген. Ал 2018 жылы өңірге 186,2 мың турист келсе, 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 500 мың адамға жетіп, 2,5 есеге артты. Сонымен қатар облыстың тарихи-мәдени нысандарына 10 миллионнан астам біркүндік келуші келген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындарында демалғандар саны 347,8 мың адамды құрады. Оның ішінде 325 073-і – отандық туристер, 22 563-і – шетелдік туристер. Табиғи аумақтарға келушілер саны 151,9 мың адамға жетті. Ал 2026 жылдың І тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға артты. Туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс құрылғаннан бері салаға тартылған инвестиция көлемі 612 млрд теңгеден асып, 19,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2025 жылдың қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 133 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тұру және тамақтану қызметтері саласына – 78,6 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласына – 54,4 млрд теңге инвестиция бағытталды.
Ал осы жылдың алғашқы 5 айында туризм саласына 36,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Оның ішінде, тұру және тамақтану қызметтері саласына – 31,3 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласына – 5 млрд теңге инвестиция салынды. Ал, 2025 жылдың алғашқы 5 айында бұл көрсеткіш 9,1 млрд теңгені құраған. Өңірде туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ 5 жұлдызды «Rixos Turkistan» қонақ үйінің құрылысы аяқталды. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Alma-Tau» қонақ үй кешені іске қосылды.
Қазіргі таңда облыста 264 орналастыру орны жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары және балалар лагерьлері бар. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге артқан (2018 жылы – 148 нысан). Орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің көлемі 2025 жылдың қорытындысымен 8,5 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 7 есеге ұлғайды (2018 жылы – 1,2 млрд теңге). Ал 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтер көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүзеге асырылуда. Облыстың туристік әлеуетін тиімді пайдалану, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және туристік қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер айқындалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысында өткен жылмен салыстырғанда туризмнің оң өсімі байқалады. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Туристер саны 830,1 мың адамды құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (733,2 мың адам) 13,2%-ға артты. Айта кетейік, Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып саналады. Облыс аумағында 1700-ден астам тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сонымен қатар облыста 251 орналастыру орны (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат