Жұма, 19 Маусым 2026 09:15

Отырар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына қатысты мәселелер қаралды

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты. Аппараттық жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өңірлік жұмыспен қамту жол картасының орындалу барысы туралы баяндама жасап, жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау, азаматтардың әлеуметтік мәртебесін нақтылау, «Д» санатындағы азаматтарды «С» санатына өткізу жұмыстары және басқа да өзекті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймырзаев қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Сондай-ақ аудан көлемінде өткізілген қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және ақпараттық-насихаттық іс-шаралардың нәтижелері баяндалды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлы тұрғын үй кезегін оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, тұрғындардың тұрғын үй мәселелерін шешу бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелер мен тұтынушылардың ауыз су қызметтері бойынша қалыптасқан берешек қарыздарын өндіру жұмыстарының барысы талқыланды.

Мәжіліс барысында көтерілген барлық мәселелер жан-жақты сараланып, жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды. Әрбір бағыт бойынша орын алған кемшіліктер мен өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешудің нақты жолдары қарастырылды. Жиын қорытындысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күн тәртібінде қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Орайы келгенде айта кетсек, Отырар ауданының соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіштері өсіп келеді. Жалпы Отырар ауданында өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың 12 айдың қорытындысымен 158,6 млрд.теңгеге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 182,5 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнімнің 38,5% өнеркәсіп, 44,5% ауыл шаруашылығы, 3,1% сауда және 13,9% құрылыс салаларына тиесілі. Ал, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 12 айда 3 175 мың теңгені құрап, өсім 86,7 пайызға жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 61,2 млрд.теңгеге нақты көлем индексі 115,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 27,6 млрд. теңгеге немесе нақты көлем индексі 131,3 пайызды құраса, 2025 жылдың 12 айында негізгі капиталға 50,1 млрд.теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 117,5 пайызға өсті. Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында, Қарғалы ауыл округі аумағынан 85 гектар жерді құрайтын индустриялды аймақ құрылды. Бүгінгі таңда 1 зауыт құрылысы (мақта өңдеу) аяқталып, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімнің көлемі 70,5 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 151,3% құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 15,4 млрд. теңге және өсімдік шаруашылығы 54,8 млрд. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі жыл қорытындысымен 17,1 млрд.теңгені құрап, 181,1 пайызға артық орындалды. Тамақ өнімдеріне тартылған инвестиция көлемі 551,3 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,0 пайызға орындалды. 2025 жылға 64 техника алу жоспарланып, 105 техника  сатып алынды. Су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша 2025 жылы 11 603 гектар жоспарланып, 28 180 гектарға жеткізілді. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 12 айда 700,0 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 205,9 пайызға орындалды.

Туризм саласында 2025 жылдың 12 айында ауданға – 262 509 турист келген, оның ішінде 13 862 азамат шетелдік туристер. 2025 жылы жеке кәсіпкер ЖК «Нұрыш А» сыйымдылығы 100 орындық қонақ үй құрылысын жүргізуде, нысан құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Отырар төбе қалашығы маңынан ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында «PANA ASIA» ЖШС қонақ үй, монша, тамақтану және тарихи көрме жайы құрылысын салу жоспарлануда.

2025 жылдың 12 айында өзіндік кірістер 4,1 млрд.теңгеге жоспарланып, нақты 5,0 млрд.теңгеге салықтық түсім түсті немесе 122 % — ға орындалды. Құрылыс жұмыстарының көлемі жыл қорытындысымен 22,0 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 111,3 пайызға артса, тұрғын үйлерді іске қосу 26 905 шаршы метр болып, нақты көлем индексі 105,2  пайызға артты Ш.Қалдаяқов ауылындағы шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы 1 қазанда пайдалануға берілді.

Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инфрақұрылым саласында бірқатар жұмыстар атқарылуда.ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында «2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету» тапсырылған. Жолдауға сәйкес, Отырар ауданында қарқынды жұмыстар атқарылып, Сырдария, Ақкөл елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде Отырар ауданында 37 елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.

Аудан көлеміндегі 4 елді мекенге (Маяқұм, Балтакөл, Аққұм, Жаңа Шілік) ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, 2025 жылы Балтакөл елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ,  Аққұм елді мекеніне ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары басталды. Нысан 2026 жылға өтпелі.2025 жылы Қостерек, Жаңа Шілік, Көлқұдық, Шеңгелді, Қарақоңыр, Отырабад, Ақтөбе, Ескі Шілік, Қостүйін, Ш.Қалдаяқов, Маяқұм елді мекендеріне, жалпы 11 елді мекенге ауыз су жүйесін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан көлеміндегі автомобиль жолдардың жалпы ұзындығы – 863,3 шақырымды құрайды. 2025 жылы «Ауыл–Ел бесігі» жобасы аясында 20,6 шақырымды құрайтын 25 көшеге,  жергілікті бюджеттен 26,8 шақырымды құрайтын 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудандық маңызы бар 8,8 шақырымды құрайтын Ақтөбе-Ескі Шілік КХОР-11 автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Нысан 2026 жылға өтпелі.

«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға» арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылы 4 571 жұмыс орыны жоспарланса, 12 айда 4 932 жұмыс орыны ашылды немесе 108,5% құрады. Жалпы аудан халқының экономикалық белсендісі 22 882 адам болса, жұмыспен қамтылғандары 21 770 адам. Оның ішінде өзін-өзі қамтығандар 7315 адамды құрады. 2025 жылы аз қамтамасыз етілген 111 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Мемлекет басшысының жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасына сәйкес, ауданда 650 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, жыл соңына    939 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды 144,5 пайызға орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыссыз 146 азаматты жолдау жоспарланып, 12 айда 146 азамат жолданса, Жастар         практикасына         оқу орнын бітірген жұмыссыз 301 азаматты жолдау жоспарланып, 304 азаматжолданды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 62 рет