Бүгінде Қарғалы ауылдық округінде орналасқан «Отырар» индустриалды аймағында арнайы өндірістік парк салынып, кәсіпкерлер өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 305 млн теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 21 жергілікті тұрғын жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Жұмыс барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өндірістік парк аумағына арнайы барып, кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін көрді. Сонымен қатар, сала басшыларына өндірісті әрі қарай дамыту және кәсіп иелеріне инфрақұрылымдық әрі құқықтық қолдау көрсету бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Өндірістік парктегі ең ауқымды әрі маңызды жобалардың бірі – «Eliko Snacks» ЖШС-нің сублимациялық кептірілген жеміс өндіру кәсіпорны. Сублимациялық кептіру – өнімнің құрамындағы пайдалы дәрумендер мен табиғи дәмді 95%-ға дейін сақтай отырып, ылғалды вакуумды түрде жою технологиясы. Бұл өнімдердің сақтау мерзімін ұзартады әрі тасымалдауды жеңілдетеді. Бұл кәсіпорын жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, ауданның экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Жоба аясында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпорында тәулігіне 100 кг өнім өңдеу жоспарланған.Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бұл бастаманың өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын атап өтті. Осындай өңдеу кәсіпорындары Отырар ауданының экономикалық өсіміне жаңа серпін бермек.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында суару маусымына қатысты жұмыстары жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Аудан әкімінің Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасына сәйкес, барлық жұмыстар қатаң қадағаланып, сапалы орындалуына ерекше көңіл бөлінуде. Аудан әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы арасындағы келісім аясында аудан аумағындағы каналдарды тазалау және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 62,7 шақырымды құрайтын 18 канал бойынша механикалық тазалау жұмыстары қолға алынып, 7 арнайы техника мен 15 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда жоспардың 57 пайызы орындалды.
Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында нақты жұмыстар да атқарылуда. Ақтөбе ауыл округіндегі ұзындығы 3,4 шақырымдық «Ақарық» каналы толық бетондалды. Қоғам ауыл округіндегі 5 шақырымдық «Серібек» каналында бетондау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал «Алтынбеков» каналының 10,7 шақырымдық бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жақын арада басталады. Жалпы атқарылып жатқан шаралар егістік алқаптарын уақытылы және сапалы сумен қамтамасыз етуге, су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты қадағалауда болып, кезең-кезеңімен жалғасады.
Жалпы Отырар ауданында өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың 12 айдың қорытындысымен 158,6 млрд.теңгеге жетіп, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 182,5 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнімнің 38,5% өнеркәсіп, 44,5% ауыл шаруашылығы, 3,1% сауда және 13,9% құрылыс салаларына тиесілі. Ал, жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 12 айда 3 175 мың теңгені құрап, өсім 86,7 пайызға жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 61,2 млрд.теңгеге нақты көлем индексі 115,5 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 27,6 млрд. теңгеге немесе нақты көлем индексі 131,3 пайызды құраса, 2025 жылдың 12 айында негізгі капиталға 50,1 млрд.теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 117,5 пайызға өсті.
Ауыл шаруашылық саласында өндірілген өнімнің көлемі 70,5 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 151,3% құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 15,4 млрд. теңге және өсімдік шаруашылығы 54,8 млрд. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі жыл қорытындысымен 17,1 млрд.теңгені құрап, 181,1 пайызға артық орындалды. Тамақ өнімдеріне тартылған инвестиция көлемі 551,3 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,0 пайызға орындалды. 2025 жылға 64 техника алу жоспарланып, 105 техника сатып алынды. Су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша 2025 жылы 11 603 гектар жоспарланып, 28 180 гектарға жеткізілді. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 12 айда 700,0 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 205,9 пайызға орындалды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат