Бұған дейін аталған станциядағы тозығы жеткен ескі қондырғыларға бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, олар халықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз болып келген еді. Сондықтан бұл мәселе «Қазсушар» РМК басшылығы мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына жеткізіліп, станцияға жаңа қондырғылар алу туралы ұсыныс айтылған болатын. Аудан басшылығының бұл бастамасы қолдау тауып, нәтижесінде станцияға қуаттылығы жоғары 3 жаңа насос сатып алынды. Бұл шара өңірдегі су тапшылығы мәселесін айтарлықтай жеңілдетпек.
Ағын су - Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығының күретамыры. Оны тиімді басқару тек егіс алқаптарын суару ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала мамандарына жаңа құрылғылардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырып, станция аумағындағы қондырғылардың техникалық жай-күйін күнделікті бақылауда ұстау керектігін ескертті. Жаңа қондырғылардың іске қосылуы жергілікті шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, биылғы суару маусымының кедергісіз өтуіне септігін тигізеді деп күтілуде.
Қазіргі таңда Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға қатысты жұмыстар жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің Қайрат Жолдыбайұлының тапсырмасына сәйкес, барлық жұмыстар қатаң қадағаланып, сапалы орындалуына ерекше көңіл бөлінуде. Аудан әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы арасындағы келісім аясында аудан аумағындағы каналдарды тазалау және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 62,7 шақырымды құрайтын 18 канал бойынша механикалық тазалау жұмыстары қолға алынып, 7 арнайы техника мен 15 маман жұмылдырылды. Қазіргі таңда жоспардың 57 пайызы орындалды.
Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында нақты жұмыстар да атқарылуда. Ақтөбе ауыл округіндегі ұзындығы 3,4 шақырымдық «Ақарық» каналы толық бетондалды. Қоғам ауыл округіндегі 5 шақырымдық «Серібек» каналында бетондау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал «Алтынбеков» каналының 10,7 шақырымдық бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жақын арада басталады. Жалпы атқарылып жатқан шаралар егістік алқаптарын уақытылы және сапалы сумен қамтамасыз етуге, су ресурстарын тиімді басқаруға, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты қадағалауда болып, кезең-кезеңімен жалғасады.
Жалпы Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі өткен жылы 70,5 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 151,3% құрады. Оның ішінде мал шаруашылығы 15,4 млрд. теңге және өсімдік шаруашылығы 54,8 млрд. теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың қорытындысымен 17,1 млрд.теңгені құрап, 181,1 пайызға артық орындалды. Тамақ өнімдеріне тартылған инвестиция көлемі 551,3 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,0 пайызға орындалды. 2025 жылға 64 техника алу жоспарланып, 105 техника сатып алынды. Су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша 2025 жылы 11 603 гектар жоспарланып, 28 180 гектарға жеткізілді. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 12 айда 700,0 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 205,9 пайызға орындалды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат