Сенбі, 18 Шілде 2026 22:41

Ауыл шаруашылығы министрі Отырар ауданындағы мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Талқылаудың негізгі тақырыптары мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аграршыларға қолдау көрсетудің кең ауқымды құралдары ұсынылуда. Бұл шаралар ел экономикасы үшін тиімділігін көрсетіп, өндірістің өсуіне және саланың әрі қарай дамуына ықпал етуі тиіс», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров. Жұмыс сапарының бағдарламасы барысында министр Отырар ауданында болып, Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты. «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС жобасының жалпы құны 146,8 млрд теңгені құрайды.

Ағымдағы жылы мақта 50 мың гектар аумаққа тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы егілді. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді және климаттың өзгеруі жағдайында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында өндірістік процестерді басқаруды, егіс алқаптарын мониторингтеуді, суды пайдалануды, топырақ ылғалдылығы мен егістің жай-күйін бақылауды қамтамасыз ететін жасанды интеллект негізіндегі заманауи цифрлық шешімдер енгізілген. Сонымен қатар, кешен дайын өнімді сақтауға арналған заманауи қойма қуаттылықтарына ие.

Жобаның өндірістік тізбегі терең және қалдықсыз қайта өңдеу принципі бойынша құрылған. Өндірілген мақта талшығы Түркістандағы кәсіпорында жіп пен мата шығару үшін пайдаланылады. Өнімнің бір бөлігін Еуропа мен Қытай нарықтарына экспорттау жоспарлануда. Қайта өңдеуден шыққан қосымша өнімдер ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөп өндіруге жұмсалады. Қазіргі уақытта жоба аясында екі мақта өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 180 мың тонна шитті мақтаны құрайды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 200 рет