Сәрсенбі, 22 Шілде 2026 18:41

Созақтық кәсіпкер «Ауыл аманаты» арқылы кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтуда

Ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың табысын көбейтуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Созақ ауданында өз нәтижесін беріп келеді. Бағдарлама ауыл тұрғындарына тек жеңілдетілген несие ұсынып қана қоймай, кәсіп бастауына, жаңа жұмыс орындарын ашуына және отандық өнім өндіруіне кең жол ашуда.

Соның жарқын дәлелінің бірі – Шолаққорған ауылының тұрғыны Раушан Бекболатқызы. Іскер азаматша биыл жыл басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, көптен бергі арманы болған тігін өндірісін іске қосты. Кәсіпкер бөлінген қаражатқа көршілес мемлекеттерден көрпе тігуге, көктеуге және мақта түтуге арналған заманауи лазерлік станоктар сатып алып, «Алуа» тігін цехының жұмысын жолға қойған.

Бүгінде цехта жергілікті 5 қыз-келіншек тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда ұлттық нақыштағы қыз жасаулары, көрпе-төсек бұйымдары және заман талабына сай тұрмысқа қажетті түрлі тігін өнімдері дайындалады. Әрбір бұйым сапалы материалдан тігіліп, тұрғындардың сұранысына сай әзірленуде.«Халықтың сұранысына сай өнім шығаруға басымдық беріп отырмыз. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, ассортиментті көбейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді кәсіп иесі Раушан Бекболатқызы.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 187 рет