Бейсенбі, 16 Шілде 2026 14:43

Сауран ауданындағы кондитерлік цех тәулігіне 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы

Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны ашылды. Кәсіпкер Обиджон Омаровтың бастамасымен іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы бүгінде түрлі тәтті өнімдер өндіруді қолға алған.

Кондитерлік цехта түрік пахлавасы, кептірілген нан, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Кәсіпорын тәулігіне 600 қорапқа дейін, шамамен 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.«Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Астана және Жезқазған қалаларына жөнелтіледі. Бұл өндіріс орнының өнімдері өңірлік нарықпен қатар, еліміздің өзге қалаларында да сұранысқа ие екенін көрсетеді. Кәсіпорынның басты ерекшелігі - франшиза арқылы Өзбекстаннан алынған арнайы технологияны пайдалануында. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері тоңазытқышта сақтауды қажет етпей, 30 күнге дейін сапасы мен дәмін жоғалтпайды. Мұндай өнім түрі кәсіпорында ерекше технология бойынша әзірленеді.

Бүгінгі таңда Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Мәселен, Сауран ауданындағы «Шаға» өндіріс алаңында «BNK Group» кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Аталмыш компания — ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде «BNK Group» америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын құрастырады. Сонымен қатар, кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады.

Сондай-ақ, «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуеті де артып келеді. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндіруге маманданған. Соңғы үш жыл ішінде еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті заманауи жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес өнімдер шығарылады. Сондай-ақ , онда «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі.«Юпитер-М» ЖШС-ң өндірістік жобасы да кісі қызығарлықтай. Кәсіпорын жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайтын зауыт бүгінде толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттауда. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны құрылған.

Сонымен бірге Сауран ауданындағы «TURSAPA» полиэтилен өнімдерін шығаратын зауыттың өндірістік мүмкіндіктері туралы да айта кету керек. Кәсіпорында тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен өнімдері мен әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптары өндіріледі. Жоба ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сауран ауданындағы «Turan Su» кәсіпорны 2019 жылы құрылған болатын. Бұл мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, кәсіпорын индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауытты іске қосқан. Өндірістің жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангілерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Жоба ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.

Сауран ауданындағы «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС агродрондар өндірісінжүзеге асырып жатыр. Жоба аясында жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленген. Қазіргі кезде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осы тұста «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі туралы да айта кесек. Кәсіпорын жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Өндіріс орнында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялар қолданылатын кәсіпорында шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 45 рет