Бақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл технология суды тиімді пайдалануға, ағаштардың қалыпты өсіп-жетілуіне және мол өнім алуға мүмкіндік береді. Биыл әр түптен орта есеппен 20 келіге дейін алма жиналады деп күтілуде. Қазіргі таңда 30 гектар алқаптың өнімі толық жиналып болса, алдағы уақытта қалған 40 гектардағы алма өнімін жинау жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, шаруашылықта алма мен басқа да жеміс-жидектерді ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойманың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан өнімді сапасын жоғалтпай сақтап, ішкі нарықты жыл бойы сапалы жеміспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды түрде дамып келе жатыр. Сауран ауданының индустриалды даму бағытындағы стратегиялық жобалары облыс экономикасының дамуына серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосып отыр. Инвестициялар мен инновациялар негізінде кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – Сауран ауданының тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсуінің кепілі болмақ.
Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетуге болады. Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 млн.теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Қарашық ауылынан «Тұран» шаруа қожалығы – мектеп құрылысы, жобаның құны – 1440,0 млнт.теңге бөлді. Онда 30 адам жұмыспен қамтылды. Шаға ауылынан «БНК АГРО» ЖШС сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын бастап кетті. Жобаның құны 840,0 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның құны – 450,0 млн.теңге тұрады.
Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенін құрылысын бастады. Жобаның құны – 675 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан жеке кәсіпкер «Абдусаттаров» — Сапар орталығын абаттандырды. Бұл жобаның құны – 97 млн.теңге тұрады. Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Байжанова» — техникалық және жол сервисі орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150,0 млн.теңге болады. Иассы ауылдық округінен жеке кәсіпке «ӨЗЕН» — Демалыс аймағы бөлініп, жобаның құны – 101 млн.теңгеге бағаланып отыр. Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» ЖШС — 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асырады. Жоба құны — 8,5 млрд.теңге тұрады.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салалары Сауран ауданның даму жоспарындағы ең басты бағыттар. 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 52 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол жобалардың жалпы құны 107 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланған. Ал өнеркәсіп саласында 85 жоба, туризм саласында 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы 3067 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 миллиард теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 миллиард теңге инвестиция тартылады. Басқа да 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түспек.
Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде биыл «Eco-Chiken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін экспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендерін іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар, Ешжан Бектөре ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімінің көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Өткен жылы барлығы отызға жуық өндірістік орын ашылса, биыл да отыздан аса жобаны жыл аяғына дейін беру жоспарлануда.
Сауран ауданында егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өскен. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқан.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат