Дүйсенбі, 12 Тамыз 2019 10:06

Түркістан облысы: Жетісай аудынының жолдары жөнделіп жатыр

2025 жылға қарай Жетісай ауданында жолдардың 90 пайызы жақсы жағдайда болады. Сол межені бағындыру үшін ауданда көлік дәліздерін жөндеу жұмыстары қазірдің өзінде қызу жүргізіліп жатыр. 

Нақтырақ айтар болсақ, биыл ауданда 100 шақырымға жуық жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, 52 шақырымды құрайтын 67 көше асфалтталса, 49 көшеге тас төселеді. Сонымен қатар шекаралы аймақты өзге аудандармен байланыстыратын күре жолдар да жөнделіп жатыр.

Жетісай ауданын өзге аймақтармен байланыстыратын күре жолдың бірі – облыстық маңызы бар КХ-75 деп аталатын көлік дәлізі. Аталған жолдың 35 шақырымын орташа жөндеуден өткізу үшін қазынадан 2 млрд. 87 млн. теңге қаралыпты. Бұйыртса, жақын күндері жұмыстар басталады. Бүгінде Жетісайдың орталығындағы негізгі және қосымша көшелер жөнделуде. Көктем шыға басталған істің бүгінде тең жартысы аяқталып үлгеріпті.

«Бүгінде 30-ға жуық көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Негізінде 67 ішкі көше орташа және 49 көше ағымдағы жөндеуден өтуі керек.Биылсол мақсатта қазір 33 көшеге орташа жөндеуден өткізу үшін, 31 көшеге тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді» дейді Жетісай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Бейбарыс Арслан.

Бұрындары қала іргесінде «Көктем» шағынауданының тұрғындары жазда шаң жұтып, көктем мен күзде батпақ кешетін. Себебі, 2000-шы жылдары құрылған мөлтек аудан көшелерінің кейбіріне асфальт түгілі тас та төселмеген еді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, аталған аудандағы көшелер толығымен ретке келтірілді.

Айта өтейік, ауданда жалпы ұзындығы 365 шақырым көлік жолы бар. Оның 43 шақырымы республикалық болса,210 шақырымы облыстық. Қалғаны аудандық маңызға ие жолдар. «Жол сапасын алдағы 5 жылда 90 пайызға жақсартамыз» деген билік бүгінде жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатыр.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1126 рет