Жексенбі, 05 Сәуір 2020 03:17

Шымкент: салықтық жеңілдіктердің кімдерге берілетіні түсіндірілді

Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер мүлік салығын төлеуден 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейін босатылды. Бұл кірістер комитетінің мемлекеттік қызмет алушыларға ел аумағындағы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты бекіткен жаңа регламенті. Енді қызмет көрсетудің сапасы артып, біршама жеңілдіктер қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда, кірістер органдары тарапынан көрсетілетін 44 қызметтің 37 түрі яғни 84% электронды түрде жүргізіледі. Салық төлеушілер кірістер басқармасына келмей, интернет қосылған компьютерде өзіне қажетті қызметті алуына болады. Бұдан бөлек, контакт-орталықтары іске қосылған. Сіз салық салу мәселесіне қатысты кез-келген сұрағыңызға тиісті жауап аласыз. «Егер, сұрақтарыңыз ара қашықтықта шешілмейтін немесе Сізге қажетті қызмет түрін электронды түрде алуға мүмкіндіктер болмаған жағдайда, онда Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының кеңсесіне 53-01-72 номері арқылы хабараласып, келетін уақытыңыз туралы жазылу қажеттігін және қызмет көрсету уақыты сағат 09-00 дан 16-00 дейін (түскі үзіліспен 13-00-ден 13-30 дейін)  жүргізілетінін ескертемін» - дейді Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қанат Алпысов.

Бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты салық төлеушілерге қатысты жеңілдік қарастырылып отыр. Мәселен, ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары мүлік салығын төлеуден 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейін босатылды. «Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер - ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бойынша жер салығын төлеуден 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейін босатылады. Жалпы белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер – жеке табыс салығын төлеуден 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейін босатылады» - деді Қанат Алпысов. Осы аталған азаматтар барлық салықтар бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдарды есептеу 2020 жылдың 15-тамызына дейін тоқтатылады және салық есептілігін тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың 3-тоқсанына ауыстырылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 464 рет