Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 09:09

Шымкент: 40-қа жуық банк бөлімшесінің алдында кезек күтетін арнайы жолақтар сызылды

Бұл туралы «HalykBank» АҚ Шымкент өңірлік филиалы директорының орынбасары Айжан Досымбекова мәлімдеді. 

Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында Шымкенттегі HalykBank қалалық бөлімшелері банкоматтардың жанында арақашықтық белгілерiн сызды. Бұл клиенттер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау үшін жасалған, кезек күтетін орындардың арасы – 1 метр.

– Банк бөлімшелерінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барлық сақтық шаралары күшейтілген. Онда маскалық тәртіп қатаң сақталады, кеңесшілер қолғаппен жұмыс істейді. Қазір зейнетақыларды беріп аяқтадық. Соған байланысты айдың басында банк алдында халық қарасы көп болып еді, қазір ол азайды. Жалпы банкоматтардың алдында 100-ге жуық ерікті мен полицейлер тәртіпті қадағалап, көмектесуде, - деді Айжан Досымбекова.

Сондай-ақ «Kaspibank» бөлімшелерінің алдында да клиенттерге қолайлы жағдай жасалуда. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында банкте кезекте тұрған азаматтардың ара-қашықтығы 1,5-2 метр болуы тиіс. Бұл ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген.

Қазіргі таңда Шымкентте қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін банк бөлімшелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оған 41 полиция қызметкері мен 4 дәрігер жұмылдырылған. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қаламыздағы банк бөлімшелерінде барлық сақтық шаралары күшейтілген. Онда маскалық тәртіп қатаң сақталған, кеңесшілер қолғаппен жұмыс істеуде.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 414 рет