Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 13:21

Шымкентте төлемдер POS-терминалдар арқылы жүргізіліп жатыр

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Шымкент қаласындағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемдерді POS-терминалдар арқылы қабылдауды бастады. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына тосқауыл болмақ. Оған қоса көлеңкелі бизнестің жолын кеседі. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша кірістер департаментінің мамандары мәлімдеді. 

- Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдау туралы Үкімет қаулысы 2014 жылы шыққан. Онда нақты төлемдер қызметі көрсетілген, - дейді Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанна Тойбазарова.

- Көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалану арқылы төлемдерді қабылдауға арналған қондырғы орнату мен қолдануды қамтамасыз ету, сондай-ақ төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдау өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерінің, өзі өндірген балық өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы саласында кызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге немесе заңды тұлғаларға; стационарлық емес сауда объектілері арқылы жүзеге асырылатын қызметке қолданылмайды. Бұған қоса жаңа жылдан бастап базарларда сауда жасап келген кәсіпкерлер де осы жүйеге көшкен. Өйткені олар патенттік жүйеден алынып тасталған. Сондықтан POS-терминал арқылы төлем жүргізулері керек, - деді Шымкент қаласы бойынша кірістер департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының бас маманы Гүлжан Шырақбаева.

Банк картасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Сондықтан банкоматтағы ақшаларыңызды шешіп алудың аса қажеттілігі жоқ. Өйткені ұялы телефон арқылы да сауда орындары мен асханаларға төлем жасай аласыз. "Оған қоса кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерден POS-терминал ашу үшін еш қиындық жоқ", - дейді мамандар. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылатыны айтылды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 371 рет