Жұма, 10 Сәуір 2020 15:41

Шымкентте банк қызметін онлайн алуға болады

Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантин кезінде халықтың бір жерге көп шоғырланбауы өте маңызды. Осы санитарлық талаптарды орындау мақсатында қаладағы екінші деңгейлі бірнеше банк бүкіл қызметтерді онлайн-режимге көшірді. 

Бұл жайлы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша басқарма басшысы Абылғазы Қайназаров мәлімдеді. Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан тағайындалған 42500 теңгені алуға өтініш беру үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн көрсетіледі. Қазір үйде отырып шот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатта болса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің көмегімен енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырып беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.

«Kaspibankтің» бөлім басшысы Айнұр Төлетаеваның мәлімдеуінше, карантин кезінде адамдар банктің мобильді қосымшасымен шот ашып, оны «E-gov» электронды үкімет порталына тіркеп, ал картаның өзін карантиндік режим аяқталған соң жеке куәлікпен банк бөлімшелеріне орнатылған картоматтар арқылы бір минут ішінде шығарып ала алады. Сондай-ақ шоттағы ақшаны карта болмаған жағдайда QR-код бойынша шешіп алады.

«HomecreditBank» Шымкент қаласы бойынша филиалының сату және бөлшек несие беру бағыты бөлімінің басшысы Еркебұлан Сауранбаев картаны банктің мобильді қосымшасы, сайты және 7979 ақпараттық орталығына қоңырау шалып ресімдеуге болады, карта дайын болған соң банк қызметкерлері оны клиенттердің үйіне өздері апарып беретінін баяндады.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы А.Қайназаров бүгінгі таңда қаладағы банкоматтар үздіксіз дезинфекцияланып жатқанын, ол жайындағы мәліметтер күнделікті агенттік тарапынан бақыланып отырғанын айтты.

Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары - «Kaspibank», «HomecreditBank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 329 рет