Өткен аптада «Gramad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда. Карантин кезінде азық-түлікпен қатар жеке сақтану құралдарына, атап айтқанда медициналық бетперделерге сұраныс еселеп артқаны белгілі. Осы орайда Шымкентте тұрмысы төмен азаматтарға жалпы саны 76 255 бетперде тегін таратылды. Айта кету керек, Шымкенттегі бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.
Елімізде төтенше жағдай орын алуына байланысты көптеген азаматтар табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болды. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Шымкент қаласында бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Атап айтқанда Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан 21 864 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 40 586 тұрғыны 42 500 теңге көлеміндегі төлемді алды. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»