Корпорация жұмысымен танысқан М.Әйтенов штат кестесін қайта құрылымдау және инвестициялар департаментінің жұмысын жаңғыртуды жауаптыларға жүктеді. Бүгінде аталған департаменттің қарауында 353 инвестициялық жоба бар. Осыған орай, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу мен талдау жұмыстарына мұқият назар аудару қажет. Корпорация басшылығы қаланың урбанизациясын дамыту тұжырымдамасын ұсынды, онда шаһардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстармен қатар мегаполистағы урбанизация деңгейін арттыру үшін қажет шараларды іске асыру межеленген.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық, шымкенттіктер 1 мамырдан бастап саяжайларына бара алады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. - Шымкенттіктер қала аумағындағы саяжайларына күн сайын таңғы сағат 06:00-ден кешкі 21:00-ге дейін бара алады. Бірақ азаматтардың атына тіркелген саяжай учаскесінің бар екенін растайтын құжаты болуы тиіс. Бұл ретте саяжайлар кіру блокпостарының ведомствосына кіретін аумақта болуы қажет. Егер саяжай қала аумағынан тыс болса, онда кіруге рұқсат берілмейді, - деді қала әкімінің орынбасары.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»