Бұрын кез келген мердігер жол салуға бейіл болатын. Қазір ше? Қазір Қазақстанда «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК құрылғаны сол еді, қаша бастады. Оған себеп көп. Мәселен, 2019 жылдың 3 айында «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалы рейд жұмыстарын жүргізіп, 816 олқылық анықтапты. Қайталапайтайық, 816. Ал 2020 жылдың І тоқсанындағы мәлімет мынадай.
«2020 жылдың 3 айында 277 ақау анықталды. Көп жағдайда суағардан ақау шығып, талапқа сәйкес келмей жатады. Сонымен қатар асфальт салған кезде катоктарды дұрыс пайдаланбауы тағы бар. Асфальт келген кезде температурасы қадағаланбай жатады. Асфальт төселетін кезде 120 градустан төмен болмауы керек» - дейді «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков.
Орталық республикалық маңызы бар жолдардың ғана емес, жергілікті тораптардың сапасын тексеру, оған қатысты активтерді басқару, қауіпсіздігі деңгейін мониторингтен өткізу, жаңа технилогияларды енгізуді көздейді. Мекеме жол сапасын тексеретін жылжымалы зертханамен, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. 12 адам жұмыс істейді. Биыл «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалы бақылау шараларын тағы күшейте түспек ниетте.
«Құны 100 млн. теңгені құрайтын 80-ге жуық жабдық сатып алып отырмыз. Алдағы жоспар – біздің филиалды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біздің «Ұлттық сапа орталығының деңгейіне біздің мамандар сай болуы керек. Сол үшін біздің басшыларымыз бүкіл мамандарын оқытып жатыр» - дейді Мұхтар Дүйсембеков.
Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жолдардың 56,5%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық пайдалануға беріледі.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.