Облыс және қала көлеміндегі өнім өндірушілерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл және құрылыс өнеркәсіптерінің жүздеген тауарлары ұсынылды. Көрмеге Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 200-ден астам тауар өндірушісімен қатар Қазақстанның басқа аймақтарынан келген тауар өндірушілер қатысты. Аталмыш шараға алғаш рет 15 жаңа компания өз өнімдерін алып келді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдері «Ордабасы құс» ЖШС-і мен «Karlskrona LC AB» ЖШС-не өнім және қызмет көрсету саласындағы жетістігі үшін сыйлық табыстады. Сондай-ақ көрмеде «Қазақстанның үздік тауары» атты байқау-көрмесі өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Конкурсқа кәсібін жаңа бастаған және танымал отандық тауар өндірушілер қатысты. Олардың арасында «Мадлен», «Ордабасы құс», «Визит», «Рауан», «Алтын дән», «ШФ Гаухар», «Барыс-2007», «Амангелді», «Карлскрона», «Зерде керамика», КТЗ, «Бал текстиль», «Назар текстиль», «Azala», «Планта», «Айкан» және т.б. кәсіпорындар бар.
Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін бағалайтын тәуелсіз сарапшылар үш номинация бойынша («Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары») қатысушыларды іріктеді. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысуға жолдама алды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.