Бейсенбі, 26 Шілде 2018 12:59

Шымкентте ауызсу шығарып, залалсыздандыру және тасымалдау жұмыстары автоматтандырылған

Жақында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында еліміздегі «ақылды қалалар» жобасын іске асыру мәселелері қаралды. Олардың арасында Шымкент қаласы да бар. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлады

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады.

Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қазіргі таңда шаһардағы «Ақылды қала» жобасы бірнеше бағытта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Олардың арасында тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласы да бар.

Шымкент әкімі шаһардағы ТҮКШ саласындағы цифрландыруға да тоқталып өтті. Мысалы, ауызсу шығарып, залалсыздандыру және тасымалдау жұмыстары автоматтандырылған. Судың қысымын реттегіштерді зерттеу арқылы сумен қамтамасыз ету жүйесі жұмысының оңтайлы режимін бақылау жүйесі ендірілді.

– Осы іс-шаралар нәтижесінде 100 шақырымдағы апатты жағдай 45%-дан 33%-ға, ал апатты-қалпына келтіру жұмыстарының шығыны 31%-ға азайды, - деді Ғ.Әбдірахымов. - Су шығаруға кететін электр энергиясының шығыны қысқарып, автоматты есептеу жүйесі әр адамға бір тәулікте кететін судың шығынын тәулігіне 456 литрден 118 литрге дейін азайтты. Бұған қоса биыл жаңа пилоттық жоба аясында электр энергетикасы, газбен жабдықтау салаларындағы табиғи монополия субъектілері ІоТ технологияларды енгізуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1193 рет