Сенбі, 28 Шілде 2018 12:05

Шымкентте рұқсат етілмеген қоқыс полигондары табиғатқа 2 млрд теңге зиян келтірген

Облыс прокуратурасы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және көму бойынша іс-шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың заңға сәйкестігі туралы тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша қоқыстарды жинау мен тасымалдаудан бастап оны көмуге дейінгі барлық кезеңдерінде заңбұзушылықтар анықталыпты.

Тексеру барысында 28 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталған. Тек Шымкенттің аумағында қоқыс көлемі 50 мың тоннаны құрайтын рұқсат етілмеген қоқыс полигоны бар болып шықты. Қоршаған ортаға 2 миллиард теңге көлемінде зиян келген. Сонымен қатар, аудандардың бірінің жергілікті атқарушы органы жинау, әкету және кәдеге жарату бойынша тарифтерді бекітпепті.

Сондай-ақ, прокурордың талабы бойынша рұқсат құжаттары тоқтатылған қоқыс өңдеу зауытының жұмыс істеп келгені анықталыпты. Қатты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған барлық жерлерде экологиялық және санитарлық нормалар сақталмаған көрінеді. Және де бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып келгенге ұқсайды.

Қабылданған шаралар бойынша 53 адам түрлі жауапкершілікке тартылып, 3 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Аудит қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы уәкілетті органдарға ахуалды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берген.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 7664 рет