Сәрсенбі, 15 Тамыз 2018 17:57

Шымкент: «Бозарық» шағын электр станциясының құрылысы қайта жанданды

Қаладағы “сақалды” құрылысқа айнала бастаған “Бозарық” шағын электр станциясы төңірегіндегі жұмыс қайта жанданатын болды. Шаһар бюджетінен 50 миллион теңге бөлініп, станцияның құрылысы жалғаспақшы. Егер ол аяқталса, “Астана-1” және “Астана-2” шағын электр станцияларын іске қосуға болады. Нәтижесінде тұтынушыларға берілетін жарықтың сапасы жақсарады. 

“Астана-1” және «Астана-2»станцияларына орнатылған қондырғылардың бәрі заман талабына сай. Қуатылығы 110 МВт-ты құрайтын станция «Shymkentcity»қалашығы мен «Тұран», «Бозарық» шағынаудандары тұрғындарын жарықпен толық қамтуға қауқарлы. Әлеуметтік нысандарды айтпағанда, әр станция 2 мыңнан астам тұтынушыға сапалы электр энергиясын жеткізе алады.

Естеріңізге салар болсақ, “Астана-1” және “Астана-2” станцияларына электр қуатын беретін Бозарықтағы 160 МВт станцияның құрылысы 2015 жылы басталып, 2017 жылы аяқталуы тиіс еді. Мердігер “ШымкентХимМонтаж” ЖШСқұрылыстың 80 пайызын аяқтады. Бірақ серіктестіктің өзге нысандарға байланысты міндеттерін орындамауына байланысты сот жұмысты тоқтатқан.

«Бозарық» станциясы аяқталмаса, өзге станциялар жұмыс істей алмайды. Өйткені қуатылығы 110 МВт-ты құрайтын 6 станция энергияны сол “Бозарық” станциясынан алады.

«Құны 6,6 миллиардтеңгені құрайтын нысанды толық аяқтау үшін қосымша 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады» дейді сала мамандары. Қала әкімі тұрғындарды сапалы жарықпен қамту мақсатында жұмысты жылдамдатуға тапсырма берді. Қажетті қаржы уақтылы бөлінген жағдайда жұмыс жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1225 рет