Жексенбі, 19 Тамыз 2018 10:38

Түркістан қаласында ашылатын сүт өңдеу зауыты үш облыстан сүт қабылдамақ

Түркістан қаласында салынып жатқан «Golden Camel» ЖШС сүт өңдеу зауытына үш облыстың шаруалары сүт өткізулеріне болады. Бірегей зауыт қызметі туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов Астанадағы ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде баяндап берді.

«Түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden camel» зауыты қазақ-қытай инвесторларының қаражатына тұрғызылған. Мұнда тек Түркістан ғана емес, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы түйе шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды кооперацияға біріктіріп, сүттерін зауытқа өткізу көзделген. Біздің есебімізше, Түркістан облысында қазір 29-30 мың түйе бар, Қызылорда облысында - 47 мыңға жуық және Жамбыл облысында - 13-15 мың түйе бар», - деді Нұржігіт Мырзахметов. 

Оның айтуынша, зауыт жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Онда тәулігіне 100 тонна түйе және жылқы сүті қайта өңделеді және сүт ұнтағы шет мемлекеттерге экспортталады.  «Зауыт келісімі бойынша, түйе сүтін базар бағасынан 50-100 теңгеге қымбатырақ қабылдайды. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер, жеңілдетілген неиселер бар. Сол бойынша шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», - деп өз сөзін толықтырды Н. Мырзахметов. 

Қазіргі уақытта Түркістан облысында өндірілген 1 млн 800 мың тоннаға жуық өнім экспортқа шығарылып жатыр. Облыстың жеміс-жидегі, қауын-қарбызы мен жүзімдері Ресей мен Германияға жеткен.  «Республикада өндірілетін ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13%-ын Түркістан облысы өндіреді. Республика бойынша мақтаның 100%, жүзімнің - 72,5%, бақшаның - 60%, жеміс-жидектің - 36%, көкөністің - 24%, сүттің - 13,5%, еттің - 12,3%-ы Түркістан облысының үлесінде», - дейді Н. Мырзахметов.  Айта кетейік, Елордадағы «Қазақстан» спорт кешені аумағында Түркістан облысының кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда өнімдерді базардағы бағадан 10-15% төмен алуға болады. 

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1068 рет