Жексенбі, 19 Тамыз 2018 10:46

Түркістан облысында 3 мыңнан астам отбасылық ферма құрылатын болды

Республикамызда Аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында жүктелген стратегиялық міндеттерді, бірінші кезекте АӨК-дегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге ұлғайту міндетін іске асыруға бағытталған. Үстіміздегі айдың басында Түркістан облысына іс-сапармен келген Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен өткен жиында етті және сүтті мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығы атап өтілген еді. Сол жиында өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде өңірде 10 жылда бордақылау алаңдарының айналасында жалпы сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құрылатындығы белгілі болды.

Сонымен бірге, қой басы 300 мың басқа дейін ұлғаймақ. Өңірде тұқымды жақсарту көрсеткіштері төмен күйінде қалып отыр (бар-жоғы 15% мал тартылған). Өңірде мал шаруашылығын жүргізуге арналған 2 млн. га жайылым пайдаланылмайды, оларды фермерлік шаруашылықтарға кредит берудің қолжетімділігін ескере отырып, отбасылық фермалар желісін құру есебінен айналымға енгізу қажет. Жиында сондай-ақ, жаңа суармалы жерлерді айналымға тартудың өзекті мәселелері қаралды. Түркістан облысы бойынша барлығы 35 898 га жаңа суармалы жерді пайдалануға енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Түркістан облысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды. «Нұрым» ЖШС басшысы Сырым Ертаев экспортқа бағдарланған 10 мың басқа арналған бордақылау алаңын таныстырды. Кәсіпорын жыл басынан бері 1300 тонна сиыр етін Өзбекстанға экспорттады. Жұмыс барысында кеңеске қатысушылар Түркістан қаласында салынып жатқан түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden Camel» ЖШС зауытына барды. Зауыт тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдеуге қуатты және ағымдағы жылға қазан айында пайдалануға беріледі. Зауыт өнімі түгелдей экспортқа бағытталады. Жоба шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылды.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1016 рет