Осыған орай өткен аптаның жұма күні жұмысшылар қалашығы Састөбе поселкесінде жылдағы дәстүрге сай құрылысшылар күніне байланысты мерекелік іс-шара болып өтті. Шарада аудан әкімі Н.Тұрашбеков барша құрылысшыларды мерекемен құттықтап, үздік құрылысшыларды Алғыс хатпен марапаттады. Н.Тұрашбеков «Биыл ауданымызда аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында 250 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы, Састөбе поселкесінде 64 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы басталып, жалпы 320 пәтер ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар әкімдік ғимараттар мен мәдениет үйлерінің құрылысы жүруде» деді.
Жиында сондай-ақ аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев пен Састөбе цемент зауытының акционері Ж.Бөкенбаев сөз сөйлеп, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтармен құрылысшыларды марапаттады. Тарихы сонау 1952 жылдан басталатын аудандағы іргелі кәсіпорындардың бірі – Састөбе цемент зауыты. Түрлі қиын-қыстау кезеңде тоқтамай, жұмысшылардың санын қысқартпай, өз өнімдерін сұранысқа сай еңбек етіп келе жатқан зауытта бүгінгі күні 536 жұмысшы еңбек етеді. Кәсіпорын жыл сайын Састөбе поселкесі мен Ынтымақ ауылына көркейту, көгалдандыруға, округтегі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген жандарға қол ұшын беруге атсалысуда. Биыл зауыт поселкедегі әлеуметтік жұмыстарға қолдау көрсетті. Бүгінгі таңда ол заман талабына сай жабдықталып, өнімдерін шет елдерге экспорттауда.
Аудандағы әрбір ғимараттың сәнді де сәулетті болуына өзіндік үлес қосып жүрген құрылысшылар аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары дайындаған концертік бағдарламаны тамашалады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.