Қоғам ауыл округіне қарасты «Ынтымақ» шаруа қожалығы құрылғанына 4 – ақ жыл болса да өнімді еңбек етіп келеді. 35 гектар алқапқа голландтық (майами) сұрыпты жүгері дақылын егуде. Жүгерінің аталған сортының паясы аласа болғанымен әр пая 2-3 собықтан байлайды. Алқапты терең қопсыту технологиясымен өңдеу және Ө.Оспанов атындағы топырақтану институты ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу нәтижесінде әр гектарынан 150 центнерден өнім алу жоспарлануда.
Негізі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сызған» шаруа қожалығында бүгінде 55 сиыр, 150 жылқы, 2500 бас уақ мал бағылуда. Оның 1500 басы саулық қой. Биыл әр 100 саулықтан 110 қозы алынды. Шаруашылығын дөңгелентіп отырған шаруашылықтың жайылымдық жері 1300 гектар болса, онда 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Айлық жалақылары 70 мың теңге. Жайлы баспанамен қамтылып, жағдайлары жасалған. Қыстық жем –шөп қоры бүгіннен жасақталып, мал басын одан әрі өсіруге мүмкіндіктердің бәрі қарастырылған.
Он жеті жыл бұрын құрылып, нарыққа бейімделген «Әшірбай» ЖШС-ның жұмыс көңіл қуантарлық дәрежеде. 46 гектар алқапта жүгері, 4 гектарда жоңышқасы жайқалып тұр. Дәмі тіл үйірер 10 гектарға егілген қауыны мен 5 гектар алқаптағы шөл басар қарбыздары үлкен жүк көліктеріне артылып, Ресейге экспортталуда. Атап өтерлігі осы ЖШС-да Алматыдағы Ө.Оспанов атындағы топырақтану иститутымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы шаруашылықты ғылыммен ұштастырып, мол өнімге қол жеткізуде.
Соңғы жылдары Отырар шұбаты брендке айналған. Еліміздің ірі мегаполистарын айтпағанда Ресейдің ірі қалаларында сұранысқа ие болып отыр. Шаруасын 5 түйемен бастаған «Гүлмайра» шаруа қожалығы бүгінде ірі шаруашылыққа айналған. Негізгі бағыты түйе сүтін өңдеу болып табылатын қожалықта бүгінде 380 бас түйе бар. Оның 125-і сауынды. Сүт өңдейтін цехтың тәуліктік қуаттылығы 1,5 тонна. Осында 16 адам жұмыспен қамтылған. Жыл сайын мал басының көбеюіне байланысты жаңа қоралар салынып, шаруашылықтың ісі ілгерілеуде. Аталған шаруашылықтардың жай – күйімен жете танысқан аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің әлі де көбейетінін айтып, шаруалардың жұмысына табыс тіледі.
«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»