Жұма, 14 Қыркүйек 2018 10:02

Түркиялық компаниялар Түркістан облысына 625 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға дайын

12 қыркүйек күні Түркия астанасы Анкара қаласында қазақстандық-түркиялық бизнес форум өтті. Оған қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіпкерлері қатысты. Түркістан облысының делегациясын бастап барған аталмыш өңір басшысының орынбасары Ербол Тасжүреков Түркияның ірі холдингтері мен компаниялары басшыларымен келіссөз жүргізді.

Түрік инвесторларына Түркістанның инвестициялық тартымдылығы мен ары қарай дамытуға және кеңейтуге болатын салалары таныстырылды. Атап айтсақ,  жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және туризм саласындағы мүмкіндіктер сараланды. Келіссөздер нәтижесінде 30 жылдан бері бизнес саласында көшбасшылардың бірі атанып жүрген Түркияның «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында тоңазытқыш әрі көкөніс қоймасы салынады. 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. 

Түріктің тағы бір «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» атты компаниясы 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 5 млн. АҚШ долларын құрайды. Жоба жүзеге асса,  130-дан астам жұмыс орны пайда болады.Сонымен қатар, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыты бойынша «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты ірі компаниялар 50 МВт қуаты бар күн электр станцияларын салуға дайын екендерін білдірді. Жобаның жалпы құны 120 млн. АҚШ оллларын құрамақ.

Кездесулер мен келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көлемі 625 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 меморандум түзілді. Қос тарап бұл меморандумдар Қазақстан және Түркияда бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын механизмге айналып, тығыз коммерциялық байланыстарды дамытып, екіжақты инвестициялар көлемінің ұлғаюына және технологиялар трансфертіне негіз болатындығына сенім білдірді.

  «AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 868 рет