Super User

Super User

Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асуда

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс» - деген болатын.

Осы орайда Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланып, жүзеге асырылуда. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі еп күтілуде.

Бүгінде Республика күнінің қарсаңында алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы болды. Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастады. 

Нұршуақ шағын ауданында орналасқан №140 жалпы орта білім беру мектебі толық жаңа технологиялармен жабдықталып,сонымен бірге ұстаздар қауымы мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ата-аналарда жайлы мектеп жобасы аясынан шет қалмаған. Ата-аналар үшін, арнайы күту залы бар. Әр санаттағы оқушылар үшін жас деңгейіне сәйкес спорт зал, асхана, дәретхана, ойын және ас үй бөлмелері қарастырылған. Оқушылар үшін ыңғайлы кітапхана, шығармашылық дағдыны дамытуға көмектесетін мәжіліс залы да бар.

Соңғы жылдары Қазақстанда "Жайлы мектеп" деген ауқымды жоба белсенді жүзеге асырылуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған және оқуға ыңғайлы барлық жағдай жасалған жаңа мектептер бүкіл ел бойынша бой көрсетіп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы тек ғимараттарды ғана салып қоймай, әр баланың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Ал оқуға ыңғайлы жағдайлар – бұл біздің еліміздің болашағына жасалған инвестиция.

 

Шымкент: Жайлы мектептерге жайлы жағдай жасалуда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осы мәселеге қатысты бағдарлама ұсынды. 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңға жуық баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалатынын айтқан болатын. Ұлттық жобаның аты – «Жайлы мектеп». 2023 жылы басталатын жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл өз кезегінде апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі.

Бүгінде жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы жағдай жасалынып жатыр.

Себебі, жайлы мектепте ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табуда. Осыған дейінгі білім ошақтарынан жайлы мектептің бір ерекшелігі осыда. 

Шымкентте де жайлы мектепті көлікпен қамту жағдайы қарастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, аталмыш ұлттық жобасыаясында жаңадан ашылып жатқан мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізілетін болады. 

Яғни, Қарабастау тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылады. 

№55 автобус маршруты Нұршуақ шағынауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі арқылы ұйымдастырылады. 

Айта кетейік, "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектеп салу жоспарлануда. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Естеріңізге сала кетейік өткен жылы 15 мектеп салынып,  білім ордасы кеңейтілген еді. 

 

Шымкентте Түркиялық Гази университетінің филиалы ашылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында түркиялық Гази университетінің филиалы ашылды. Тарихи құжатқа қол қою рәсіміне КР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркия мемлекетінің Жоғары білім кеңесінің төрағасы профессор, доктор Ервол Өзвар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректордың у.м.а. Сүгірбаева Гүлжан және Гази университетінің ректоры, профессор, доктор Угур Үнал қатысты.

Гази университеті – 1926 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Түркияда ғылым мен білім берудің басты орталығы ретінде құрылған алғашқы оқу орындарының бірі. Білім беру, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, медицина және т.б. көптеген бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлайды. 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1937 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы. Университеттің алты факультеті болашақ педагогтерді, білім беру саласының үздік мамандарын даярлайды. 

Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық 2021 жылы 13 қазанда бастау алған. Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне ресми сапары барысында өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа және Erasmus бағдарламасы бойынша өзара серіктестік туралы институтаралық келісімшартқа қол қойылып, жоғары білім мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаларға жол ашылды. Осы жылы Ө. Жәнібеков университетінің 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға Гази университетіне жіберіліп, бір семестр бойы білім алып, тәжірибе алмасып келді. Сондай-ақ, 2 докторант Гази университетінде білікті ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтті. 

2022 жылы мамыр айында Ө. Жәнібеков университеті ректорының Гази университетіне ресми сапары аясында білім беру, әдістемелік және ғылыми қызметтер бойынша магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды. Осы жылы Ө. Жәнібеков университетінің тағы 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Гази университетінде білім алса, 6 докторант ғылыми тағылымдамадан өтті. Сол жылы қараша айында Гази университетінің профессоры Южел Гелишли ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту» бағдарламасы аясында Ө. Жәнібеков университетінде білім алушыларға дәріс оқуға шақырылып, бір ай бойы профессор-оқытушылар құрамымен өз тәжірибесімен бөлісті. 

Ал 2022 жылы 24 қарашада Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың ресми сапары барысында Жәнібеков университетінде Гази университетінің филиалын ашу жөніндегі бастапқы келісімге қол қойылып, стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі басталған болатын.

 

Осы RSS каналға жазылу