Қызға қырындаудың да жосығы бар емес пе?

Түнеугүні күнгей облыстардың біріндегі шағалалы ауданда күллі Қазақ елінің абыройын төрткүл дүниеге асқақтатып, көк туын желбіретіп жүрген мықты спортшы шаңырақ көтеріп, дүйім жұртқа той жасапты. Мейрамханада дүркіреп өткен тойға чемпионның қуанышына ортақтасу ниетімен, жергіліктісі бар, облыс орталығынан барғаны бар, бірқатар шен-шекпенділер қатысқан көрінеді. Әрине, оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бірақ... 

Бас педагогтық кімге бұйырады?

Сонымен, бұл оқу жылы да тәмам. Ал әжептәуір уақыттан бері «капитансыз» жұмыс істеп жатқан ОҚО-ның Білім басқармасына жуық маңайда басшы тағайындалатын сияқты. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, аталмыш лауазым жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп жүрген, «филология ғылымдарының докторы, профессор» атақ-дәрежесі бар бір кісіге нәсіп болады-мыс. Әйткенмен көпшіліктің көкейінде «Оның мемлекеттік қызметте «стажы» жоқ қой. Ол жағы қалай болар екен?» деген де сауалдың туындарын ішіміз сезеді.

«Ол кісінің басқармаға баратындай жөні де бар. КазГУ-де білім алған. Тәжірибесі жеткілікті. Бірақ проректорлыққа көтеріле алмай-ақ қойды. Білуімше, өңірдегі үлкен кісілердің бірі оның ректорына осыған байланысты құлаққағыс та жасады-ау. Алайда нәтиже болмай тұр ғой» дейді тағы бір желауыз.

 

Айтпақшы, «облыстың бас ұстазының креслосы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығындағы кадрлардың біріне бұйыруы ықтимал» деген де жорамал бар.    

Дәрігерлер енді «Диагноз» оқи ма?

ОҚО-ның Денсаулық сақтау басқармасының жанынан «Диагноз» деген тағы бір газет жарық көретін болыпты-мыс. Оны диагнозы белгілі жігіттер шығаратын көрінеді...

Әкім болар ма екенсің?..

«ОҚО-ның 300 мыңнан астам халқы бар Мақтарал мен Сарыағаш аудандарының құрамынан бұрын біріктірілген аудандар бөлініп, өз алдына енші алып шығады екен» деген әңгіме тарағалы, «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, шен-шекпеннің дәмін татып қалғаны бар, татсам ба деген дәмелілері бар, біраз жігіттердің есіл-дерті «Қайтсем сол аудандардың біріне әкім боламынға...» ауып жүрген көрінеді. Оның үстіне «Осы адамдар туралы пікір туғызып, үлкен кісілердің назарын аудара берейік әрі жұртшылықтың да құлағы үйрене берсін» деген пиғыл ма екен, жауырыншылар да қарап жатпай, үміткерлердің қатарын қалыңдатып, бірқатар азаматтардың атын атап, түсін түстей бастады. Арасында кеңесші болып жүрген, инспектор болып жүрген, тіпті «замәкім» болып жүрген ардақтылар да бар.

Әкім брифингке арақ ішіп келген бе?

Араққұмарлық деген адамға абырой әперетін нәрсе емес. Керісінше, қасықтап жиған сол абыройыңды бір пәсте шелектеп төгіп, елдің алдында масқара қылады.


Арақ демекші, таяуда күнгей облыстардағы бір ауданның әкімі журналистерді жиып, облыстық әкімдікте баспасөз брифингін өткізіпті. Ұзынқұлақтан естуімізше, көзі қызарып, өңі қуарып отырған әкімнің сөздері «трезвый» адамның сөздеріне онша ұқсамай тұрғанын бір-екі журналист байқап қалса керек. «Осы ішіп алмаған ба» деп, жиын аяқталған соң, әкімге жақынырақ барып сөзге тартса, аузынан «перегар» мүңкіп тұр дейді. Брифингтің алдында ішті ме, жоқ әлде сол күннің алдындағы түнде араққа жуан тойды ма, ол жағы белгісіз. Белгілісі, әлгі бір-екі тілшінің мұрнын қолымен басып, әкімдік ғимаратынан асығыс шығып бара жатқанын біраз адам көріпті.

Егер ұзынқұлақтың осы айтқандары рас болса, онда брифинг өткізбестен бұрын әкімдердің қанындағы спирттің мөлшерін анықтап, аузында «перегардың» бар-жоғын біліп алмаса болмайды-ау. Өзімен қоймай, бүкіл облыстың абыройын төгіп жүрсе қайтесіз?

Шырайлы қала әкімі ауыса ма?

Ертеңгі басталатын апта әжептәуір ауыс-түйістермен есте қалатын сыңайлы. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, күнгей облыстардың біріндегі шырайлы қаланың әкімі орнын босатып, жыр алыбының атын иемденген өңірге қарай жылжитын көрінеді.

Ал оның креслосына жайғасатын адам Астанадан келе жатыр-мыс. Мәжіліс жақтан. Аудан басқарып, облыс әкімінің орынбасары болып, атқарушы биліктің қара қазанында бұрқ-сарқ қайнап үйренген ол кісі заң шығарушы биліктен гөрі шаһар басқарғанды қолай көретін сияқты.

Сәуегейлердің жорамалы қаншалықты шындыққа жанасатынын уақыт көрсетеді. Күтейік, ендеше! 

Әкесін екінші реті «өлтіріпті»

Дүние деген, тағдыр деген шіркін, қызық қой. Оған жердің домалақтығын, сол домалақ жерде «жек көремін», «көргім келмейді» дейтін кісілерді он рет көретініңді, көріп қана қоймай, соны кейде мақтауға тура келетінін қоссаң, тіпті қызық. Сондай «қызықтың» бірін ұзынқұлақтардан естіп, жағамызды ұстадық.


Айтуынша, еліміздің оңтүстігіндегі облыстардың біріндегі үлкен жасқа келген бір танымал кісі осыдан біраз жыл бұрын өзіне ұнамайтын бір кісінің жаназасына қатысып, «жер бетінде мұндай әулие пенде жоқ еді» деуге дейін барыпты. Айтқысы келіп айтты десеңіз қателесесіз. Айтқысы келмей айтыпты. Негізі, айтқысы келмейтініндей-ақ бар екен.

Сонау, Сталиннің тірі кезінде НКВД-да ма, КГБ-да ма қызмет еткен жаңағы қайтыс болған кісі мұның әкесімен тартысып, айтысып, соттасып жүрген көрінеді. Не керек, заңды жолмен қамата алмаған-ау шамасы. Сондай күндердің бірінде екеуі бір жерде оңаша жолығып қалып, ерегісе кетіпті. Ерегістің соңы «чекистің» әлгі кісіні басынан темірмен ұрып өлтіруімен аяқталыпты-мыс. Соған қарамастан, біздің кейіпкер әкесін өлтірген (ұзынқұлақтар солай дейді) адамның жаназасына қатысып, қатысып қана қоймай, «мықты адам еді» деп әбден мақтап, әкесін екінші рет «өлтіріпті». Сондағысы айлық та төленбейтін қайдағы бір қоғамдық жұмыстың жетекшісі ретінде сөз сөйлемесе болмайтындығында екен. Негізі ұзынқұлақтар да қай-қайдағыны айтады. Ал егер осы айтқандары рас болса, дүниені, тағдырды қызық емес деп көріңіз?!