Конкурс қорытындысы бойынша, 48 орта мектеп мұғалімі мен 16 колледж оқытушысы сыннан сүрінбей өтіп, үздік ұстаз атанды. Соның ішінде Түркістан облысының Келес ауданы Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Каюпова Сәбира Жылгелдіқызы «Үздік ұстаз» номинациясының иегері атанды. Республикалық байқау жеңімпазына "2018 жылдың үздік педагогы" төсбелгісі, куәлік, сондай-ақ 1000 АЕК (2 405 000 теңге) мөлшерінде сыйақы табысталды.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысы Сағындықов Исатай Өмірзақұлы облыстан шыққан жалғыз жеңімпазға жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыстар тілей отырып, жаңадан құрылған Келес ауданының білім саласындағы алғашқы республикалық деңгейдегі жеңісімен құттықтады.
Алты жыл ішінде конкурсқа 27556 мұғалім қатысыпты, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 304 мұғалімі жеңімпаз болып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері атанды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.