Бүгін Түркістан қаласындағы 76 мектепте білім алып жатқан 52668 оқушы оқу жылын аяқтаса, 2815 оқушы мектеп бітіріп, мектеп қабырғасында соңғы рет қоңырау тыңдап отыр. Олардың ішінде 170 оқушы «Алтын белгіге», 171 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Ал, 5448 1-сынып оқушылары алғашқы оқу жылдарын аяқтады.
Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, кеңес мүшесі Шора Исмолдаев, облыстық мәслихат депутаты Сүлеймен Арыстанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасовалар қатысып, ұстаздар мен түлектердің қуанышына ортақтасты. Нұрбол Әбдісаттарұлы ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, педагогтарға кәсіби-шығармашылық табыстар, ал, түлектерге жарқын болашақ тіледі. Өз кезегінде оқушылар мен ұстаздар жоғары деңгейде өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.