Бейсенбі, 30 Мамыр 2024 19:14

Түркістанда кітап оқуға құштар директорлар, ұстаздар мен оқушылар жарысты

«KitapХАН» кітап оқыту әдісінің жылдық қорытындысы өтті. Бұл бастама ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оқу-ағарту саласындағы Шараға Түркістан облысы білім басқармасының басшы міндетін атқарушы Жандос Маханбетов қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жалпы жоба апталық, айлық, жылдық кезеңдерден тұрады. Әр аптаның жеңімпаздары айлық сайысқа шығады. Ал айлық жеңімпаздар жылдық финалға шығып, нәтижесінде «KitapХАН» жеңімпазы атанады. Облыс бойынша кітап оқу сайысына жалпы 1000 мектеп ішінен 80 мың мұғалім, жарты миллион оқушы қатысып, соның ішінде ақтық мәреге 21 үміткер жолдама ұтып алды. Финалдық кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар белгілі ақын-жазушылардың еңбектерінен үзінді оқып, қоғамда кітап оқудың маңыздылығына ерекше мән берді. Сондай-ақ өздері оқыған кітабын 7 минутта қорғап, нәтижесін бөлісті.

Байқауда басшылық құрам арасынан Төлеби ауданы, Қ.Сатпаев атындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Лаззат Сандыбаева «KitapХАН» жеңімпазы атанса, ал ұстаздар арасынан Арыс қаласы, Жиделі жалпы білім беру мектебінің физика пәнінің мұғалімі Нұрсұлу Алышева жеңіп алды. Сондай-ақ оқушылар арасынан Отырар ауданындағы С.Әшірбеков атындағы жалпы білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Таңшолпан Қалдыбай жеңімпаз атанды.

Финалға шыққан барлық үміткерге «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының» демеушілігімен құнды, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына 8 велосипед, 5 мектеп директоры мен 8 мектеп мұғаліміне 13 теледидар тарту етілді. Одан бөлек белсенділік танытқаны үшін бірқатар жандарға «Құрмет» грамотасы табысталды.

Аталған шараны Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты «Білім беруді дамыту орталығы» ұйымдастырып отыр. Орталық басшысы Бақытжан Төлімбеттің айуынша «KitapХАН» жобасына «Болат Өтемұратов» қоры, жергілікті кәсіподақ ұйымы, «Stepp&World баспасы», Kitap.kz серіктестері қолдау көрсетуде. Негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының басшылық құрамы мен педагогтары, оқушылар (колледж студенттер) және ата-аналардың отандық, әлемдік әдебиеттермен таныс болуына ықпал етіп, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашыл әлеуетін көтеру, елдік, патриоттық, адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді қалыптастыру.

«Айта кетейік, Түркістан облысы білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен оқушыларға арналған «КitapХАН» кітап оқыту әдісі ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген. Мемлекет басшысының білімді ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылдың қазан айынан бері үш жыл бойы жүйелі жүргізіліп келеді. Осы әдіспен үш жыл ішінде 10 мыңға жуық педагог пен оқушылар қатысқан.

Кітап оқу мәселесі  ұлтты толғандыруға тиіс. Кітапқа деген құштарлық – бұл тек кітапханашының ғана жұмысы емес, сынып жетекшісінің және ересектердің де ата-аналардың да жауапкершілікте болуы. Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, оқуға ынталандыруымыз керек. Кітап оқуды насихаттау үшін жоғарғы деңгейде кітапханалық сабақтар, кездесулер, ауызша журналдар, сайыстар, ертеңгіліктер жылдық жоспарға сай   ұйымдастырылып, оқырмандар сусындайтындай, ой - пікір туғызатындай іс-шаралар атқарылып келеді.  Сондықтан мәдени ошақтарды жандандыру, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін мектеп кітапханасы дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету өз қолымызда.

Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық.  Мектеп кітапханасы – кітап арқылы оқушылардың жан - жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси сапасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден - бір әлеуметтік орын. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Біздің жауапкершілікті міндетіміз: кітаптарды насихаттаудың түрлі формалары мен әдістерін ұйымдастыру арқылы оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, жан - жақты дамыған баланы тәрбиелеуге жәрдемдесу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес  БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. «Оқуға құштар мектеп» жобасыны аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүзеге аспақ. Яғни олардың қатарына еліміздің үздік классиктернің кітаптары, ана тіліне аударылған шетелдік әлем әдебиетінің жауһарлар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары енетін болады. Білім берудегі кітап оқуға үйрету мәселелері әрдайым маңызды болғанымен, оқу сауаттылығын дамыту тапсырмасы ҚР-ның мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыратын заманауи мектеп үшін жаңа сала болып табылады.

Оқылды 158 рет