Бейсенбі, 13 Маусым 2024 17:21

Түркістан: мектеп бітірген балалардың қауіпсіздігіне арналған жиын өткізілді

Тағы бір оқу жылы артта қалып, жаңа бір буын үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік емтихандарын сәтті аяқтап, қолдарына аттестатттарын алғалы отыр. Бұл – бала үшін өміріндегі естен шықпас ең маңызды сәт. Сондықтан да жас жеткіншектер бұл кезеңді лайықты атап өткісі келетіндігі ақиқат. Ересектер де жасөспірімдердің қуанышына ортақ болғанымен, олардың қауіпсіздігін бір сәт те естен шығармағаны абзал.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев және қалалық білім бөлімі басшысы Оразкүл Қолдасовалардың, полиция қызметкерлерінің қатысуымен мектеп басшыларымен өткізілген жиналыс осы тақырыпқа айналды.

Мектеп бітіру кезеңі аяқталғандықтан аттестат тапсыру рәсімі және бітіру кештерін ұйымдастыру бойынша Мекенхан Қозыханұлы мен Оразкүл Шайхықызы мектеп басшыларына нұсқауларын жеткізді. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екендігін қадап айтты.

Сонымен қатар, сыйлықтарға қаражат жинау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу туралы да сөз қозғалды. Мектеп басшылары да өз ойларын жеткізіп, мектеп түлектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып жоғары деңгейде бітірулеріне жұмыс жасауға келісілді.

Қазір еліміз бойынша мектеп бітіру кештері өтуде. Түлектер үшін бұл толқынысқа толы, ерекше сәттердің бірі. Өйткені, олар балалық шақпен, мектептегі достарымен қоштасып, ересек өмірге аттанады. Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген салтанатты шараларда қауіпсіздік мәселелерін ұмытпаған жөн.

ХХІ ғасыр — білім мен ғылымның ғасыры екендігін жақсы білеміз. Бұл ғасырда сапалы білім алып, ғылымның тереңіне үңілген білікті мамандар жаһандану заманында бәсекеге төтеп бере алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелестік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.

Бұл күнде Түркістан қаласында білім беру жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Жалпы білім мекемелерін қаржыландыру үшінбылтырғы оқу жылында 23 млрд. 993 млн. 56 мың теңге қаржы қаралған. Оның 10 млрд. 640 млн. 157 мың теңгесі айлық жалақыға, 677 млн. 984 мың теңгесі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, 6 млрд. 590 млн. 92 мың теңге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыруға бағытталды. Мұның бәрі де мемлекеттің балалар болашағына жасап отырған қамқорлығы екендігі даусыз. 

Қазіргі таңда Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты бастауыш және жалпы орта білім беретін 51 күндізгі мектеп (оның ішінде 32 жалпы орта мектеп, 1 мектеп-балабақша кешені), 1 кешкі мектеп. 3 мектеп ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп), 19 жекеменшік мектеп жұмысын жүргізуде. 110 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (21 мемлекеттік, 87 жекеменшік, 2 шағын орталық), 7 қосымша білім беру ұйымы бар. Барлық білім ошақтарының ғимаратында түгелдей ішкі әжетхана қарастырылған. Сондай-ақ, мектептер мен балабақшалар көгілдір отынмен жылытылады. Оның ішінде, «Гүлдер» және «Күншуақ» балабақшалары биылғы жылу маусымынан бастап орталықтандырылған газ жүйесіне қосылыпты.

Жалпы, Түркістан қаласындағы 34 мемлекеттік мектептің ішінде 21 жалпы орта мектеп, 5 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 2 ІТ мектеп-лицей, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-балабақша кешені және 1 кешкі мектеп бар. Аталған мектептердің 15-і қазақ тілінде, 12-сі қазақ-өзбек тілінде, 5-і қазақ-орыс тілінде, 2-і қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытылады. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, 7-сынып үшін «Физика», «Химия», «Биология» қостілді оқулықтары және 5-11 сыныптар үшін «Абайтану» оқулықтары,  инклюзивті сыныптардың 8-9 сыныптарына арналған  121617 дана оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер алынды. Сонымен қатар, оқушылар санының өсуін ескере отырып, (1,3,4,5,6,7,8,9,10,11 сыныптардың) 116288 дана жетіспейтін және ескі оқулықпен жаңартылған.

«Қала бойынша мектептердегі жалпы қызметкерлер саны 7002 болса, оның ішінде 4526-і педагог қызметкер. Бұл педагогтардың 4524-і жоғары білімді, 2-еуі арнаулы орта білімді. Ал, санаты бойынша саралайтын болсам: Педагог-шебер санатын — 84 педагог, педагог-зерттеуші санатын – 841 педагог, педагог-сарапшы санатын – 792 педагог, педагог-модератор санатын – 803 педагог қызметкерлер алған. Педагог-шебер санаты үшін 50, Педагог-зерттеуші санаты үшін 40, Педагог-сарапшы санаты үшін 35, Педагог-модератор санаты үшін 30 пайыз үстемеақы төленеді. Жалпы мұғалімдердің 55%-ның біліктілік санаттары бар».

2021 жылдың қаңтар айынан бастап білім мекемелеріне жұмысқа орналасу, бүлдіршіндерді балабақшаға, оқушыларды мектепке қабылдау және мектептен мектепке ауыстыру жұмыстары SMARTNATION.KZ жүйесіне ауыстырылып, қазіргі таңға дейін осы жүйемен жұмыс жасап келеміз. Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау SMARTNATION.KZ порталы арқылы жүргізілуде.

Сондай-ақ, 34 білім беру ұйымдарындағы директорлардың 17-сі қыркүйек айында ротацияланады. Мектеп басшыларының екеуі былтыр аттестациялаудан өтсе, 12 директор биыл аттестациялаудан өтеді. Оның ішінде, он бірі менеджер-басшы (II санат), біреуі басшы-көшбасшы (жоғары санат).

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2007 жылғы 5 ақпандағы №81 қаулысын жүзеге  асыру  шеңберінде әзірленген даму мүмкіндігі шектеулі балаларға ықпалдастыра (инклюзивті) білім беруді  ұйымдастыру мақсатында инклюзивті білім беру бойынша 18 мектепте 297 балаға 28 түзету-дамыту сыныптары, ал балабақшалар бойынша 9 балабақшадан тілінде кемістігі бар 72 балаға 9 топ ашылған. Осыған байланысты инклюзивті сыныптар мен топтарды ашу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес, 18 штат педагог-дефектолог, 9 штат педагог-логопед мамандары жұмыс істеуде.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға беретін мұғалімдерге 40 пайыз есебінде әр мұғалімге 7079 теңге төленуде. Қосымша ақы мөлшері базалық лауазымдық жалақыдан 40% (ППРК № 1193 жылғы 31.12.2015 ж).  Инклюзивті білім беру – ерекше мұқтаждықтары бар балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту. Түркістан қаласы бойынша  2019, 2020 жылдары №1 Байтұрсынов, №16 Т.Бигелдинов, №21 М.Пошанов, №24 М.Шоқай атындағы жалпы орта мектептерінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы инклюзивті білім беру ресурстық орталықтары ашылды. Түркістанда 9 мектеп STEM-кабинеттерімен жабдықталған. Атап айтанда, №6, №9, №12, №13, №14, №16, №17, №24, №27,  мектептер. Тағы 6 мектепті STEM-кабинеттерімен қамту жоспарлануда.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістанда дарынды оқушылармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Түркістан қаласының педагогтары да, оқушылары да облыстық білім бәсекелерінде топ жарып, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Түркістандық оқушылар ұйымдастырылған негізгі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында да айтарлықтай жүлделі орындарға ие болған. Мұғалімдер арасында өткен облыстық олимпиадаға 15 мұғалім қатысып, 13 мұғалім жүлделі орындарға ие болды.

Түрлі деңгейдегі басқа да облыстық білім бәсекелерінде тағы 19 педагог жүлдегерлер қатарынан табылды. Ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушылары арасындағы пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде 12 оқушы, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 7-8 сынып оқушылары арасындағы олимпиаданың облыстық кезеңінде 2 оқушы, жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасындағы Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 27 оқушы жүлделі орындарды жеңіп алса, 8-11 сынып оқушыларының ғылыми жоба жарыстарында 9, 2-5 сынып оқушыларының «Зерде» ғылыми жобалар сайысында 3 оқушы білімдерімен көзге түсіп, алдыңғы қатардан көрінді. Алдыңғы жылы 28 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Қалдан Серік IV республикалық Абайтану олимпиадасының облыстық кезеңінде 1-орынды иеленді. «Alash star» халықаралық өнер байқауының «Көркем сөз оқу» номинациясы бойынша «Бас жүлде» иегері.

Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелерге тарту мақсатында қосымша білім беру бағдарламасы жалпы білім беретін мектептерде жүзеге асырылуда. Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерде үйірмелермен 33290 оқушы қамтылса, спорттық секцияларға қамтылған оқушылар саны 19100, қосымша білім беру ұйымдарына 4054  бала тартылған.

Жалпы қала бойынша 38700 бала қосымша білім берумен қамтылды. 7 қосымша білім беру мекемелеріне (Балалар мен жасөспірімдер орталығы — 1410 оқушы, Саз мектебі — 294 оқушы, «Ақжайық» музыкалық мектебі — 139 оқушы, Өнер мектебі — 72, Қолөнер мектебі — 273 оқушы, Жас туристер станциясы — 678, Оқушылар сарайы — 1188) 4054 бала қамтылған. 5 мекемедегі қосымша біліммен қамтылған оқушыларға сынып бөлмелері жетіспейді. Атап айтқанда, Қолөнер мектебі, балалар мен жасөспірімдер орталығы, өнер мектебі, жас туристер орталығы, саз мектебі. 3 қосымша білім беру ұйымының (Саз мектебі, Өнер мектебі, Жас туристер орталығы) ғимараттары жоқ. Аталған білім беру ұйымдары «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан.

Түркістан қалалық «Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты ағымдағы жөндеуден өткен мектептер толықтай дайын. Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілді. Оқушылар жаңарған мектепте білім алып келеді. Мұның барлығы түркістандық оқушылардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар.

Білім саласы өте өзекті, мол жауапкершілікті талап ететін саланың бірегейі. Салада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Олар өз нәтижесін беріп те келеді. Дегенмен, өз шешімін күткен өзекті мәселелер де бар екендігін жасыруға болмас. Қазіргі таңда қалада үш ауысымда білім беретін 3 мектеп (№14 Қазыбек би, №15 М.Жұмабаев, Е.Иззатуллаев мектептері) үш ауысымға өту қаупі бар 4 мектеп (№2 Хамза, №11 Ж.Жабаев, №23 Ж.Тәшенов, М.Әбенова мектептері) бар. Бүгінгі таңда қала және бөлім басшылығының алдында ең алдымен осы мектептердің мәселесін шешу жауапкершілігі тұр.

Алғашқы кезекте қаладағы апатты жағдайда деп танылған Әмір Темір атындағы №3, Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектептерінің жағдайын шешу талап етіледі. Сонымен қатар, өткен оқу жылы Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектеп, М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназия, Ж.Тәшенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейі, Хамза атындағы №2 жалпы орта мектеп, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектеп, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептері үш ауысымда оқығандығы да назар аудартатын мәселе.

Түркістан қаласындағы барлық мектептер 100% бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Видео жазбаны сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрайды. Мектептер арнайы күзетпен қамтамасыз етілмеген. Күзетуді қарауылдар мен вахтерлер жүзеге асырады. Мектептерге 2021 жылдың қыркүйек айында дабыл түймелері орнатылды. Мектептердің 6,2 пайызында оқушылардың электрондық базасы және турникеттермен қамтылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қатаң қолға алынған.

Түркістан қаласында халық санының артуына орай 2023-2025 жылдар аралығында 9400 орынға лайықталған 9 мектеп бой көтереді. (№2 Хамза – 300 орын /2023/, №3 Әмір Темір – 300 орын /2023/, №14 Қазыбек би – 900 орын /2023/ атындағы мектептер және Баянауыл — 900 орын /2023/, Бірлік елді мекендерінен  –  900 орын /2023/, әкімшілік-іскерлік орталық аумағында  –  2000 орын /2023/, Бекзат тұрғын алабында – 1200 орын /2023/, Отырар тұрғын алабында – 2000 орын /2025/, Яссы тұрғын алабында  –  2000 орын /2025/).  Уақыт өткен сайын педагогтарға қойылатын талаптар да күшейіп келеді. Себебі, заман жаңаруда, білім іздеген жастардың қатары артып келеді.

WWW.AQ-QARA.KZ

Оқылды 102 рет