Жыл сайынғы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан қаласының педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесіне жиналып, алқалы кеңес өткізіп келеді. Бұл басқосудың орны да, жөні де бөлек. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, алдағы жаңа оқу жылына қойған міндеттерді саралайтын кеңеске биыл педагогтар да жаңашыл бастамалармен келіп отыр. Шара алдында қатысушыларға шығармашыл педагогтар мен дарынды оқушылардың көрмесі ұсынылды. Көрме барысында педагогтар жаңашыл бағыттағы жұмыстарымен таныстырды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Қырықбаев, Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымбекова Айгүл Ерғалиқызы, «Qundylyq.kz» компаниясының бас директоры, әдіскері, тренері, химия пәнінің мұғалімі, «Mugalim kz» бренд амбассадоры, педагогикалық шеберхана «MTA Academy» «Juie» кітабының авторы Телюқанов Жігер Ерболұлы, «Алақан» мектеп жобасының жүргізуші маманы Сәрсенбаев Қанат Әділханұлы қатысқан кеңесте бірқатар жаңашыл бастамалар айтылып, білім саласын жетілдіру, жастарға сапалы білім берудің тетіктері қарастырылды. Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы мазмұнды баяндама жасап, түркістандық ұстаздардың өткен жылы жасаған жұмыстарын саралай келе алдағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Сарқытқызы Икапова мен №28 мектеп-лицейдің директоры Лаззат Жаналықызы Нысанкулова да жаңашылдыққа бет бұру бағытында өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Ұстаздардың келелі кеңесіне Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Құлбайымбетов Жарқынбек Құлбайымбетұлы, Түркістан қаласының прокуроры Нәрікбаев Каукен Бақтыбайұлы, Түркістан қаласы Полиция басқармасының басшысы Жанаев Бауыржан Даулетханұлы да қатысып, ұрпақ тәрбиесінде бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендіктерін көрсетті.
Кеңес барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың жаңа оқу жылының басталуына қатысты құттықтауы ұсынылып, оқушылар өз өнерлерімен тәнті етті. Шара соңында өткен оқу жылында кәсіби табыстарға қол жеткізген озат ұстаздар қала әкімі және қалалық білім бөлімінің марапаттарына ие болды. Түстен кейін кеңес жұмысы секциялық жұмыстармен жалғасып, әр пән бойынша педагогтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Әрбір адам, әрбір халық өз ұрпағының болашағына жанашырлық жасап, өмірдің талабына сай тәлім-тәрбие беру міндетті ісі. Қазіргі заманның келелі келбетінің басты көріністерінің бірі – жас ұрпақ тәрбиесі. Тәрбие мәселесі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жетілдіріп отырған өмір мектебі. Сондықтан жыл бойы атқарылған және атқарылатын шараларды саралап, алға нақты мақсаттар қоятын осындай шаралардың педагогтарға берері мол болмақ.
Ендігі жерде Түркістан қаласында салынып жатқан мектептердің құрылысы туралы да азды-көпті мағлұмат бере кетсек. Таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістан қаласындағы бірқатар білім мекемелерінде болып, құрылыс және жөндеу жұмыстарымен танысқан болатын. Алдымен Жаңа қала аумағында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 2000 орынды мектепте болған облыс әкімінің орынбасары мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме басшысымен тілдесіп, ең алдымен құрылыс сапасына назар аудару қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, №26 Әйтеке би, №22 Б.Момышұлы және №7 С.Ерубаев атындағы мектептердегі жөндеу жұмыстарымен танысқан Бейсенбай Дәулетұлы жөндеу жұмыстары облыс әкімінің бақылауында екендігін, белгіленген мерзімде тапсыру қажеттігін тілге тиек етіп, талапқа сай атқаруды мердігер мекеме басшысына тапсырды. Жалпы, Түркістан облысы көлемінде биыл халық игілігі үшін 29 жайлы мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оның екеуі Түркістан қаласында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті қадағалауында тұр.
Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде? Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Осы ретте таяуда облыс басшысы Түркістан қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан білмі ұяларының құрылыс алаңдарында болып, жұмыс қарқынын тексерді. Мердігерлермен кездесіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.– Әлеуметтік нысандардың құрылысын аса жауапкершілікпен жүргізіңіздер! Елдің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал білім сапасы көтерілуі үшін мектептер талапқа сай болуы тиіс. Бұл білім ұяларын білікті ұстаздармен жасақтау да аса маңызды. Жұмысты үйлестіріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңір басшысы облыс орталығында салынып жатқан 2000 орындық жайлы мектептің құрылысын бақылады. Бұл мектеп қаладағы №42 көшеде орналасқан. 4 қабатты нысанның құрылысын «Каратас Майнинг» ЖШС қолға алған. Ғимараттың жалпы ауданы 20 147 шаршы метрді құрайды. Білім ұясы 4 гектар аумақта орналасады. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Түркістандағы «Яссы» шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық білім ошағының құрылысын «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүргізіп жатыр. Құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында басталған нысанды биыл жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған. Осы күндері, тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілу үстінде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған-ды. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты. Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады.Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған.
Анықтама үшін нақтылай кетсек: Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп. Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 миллиард теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы ағымдағы жылдың қыркүйек айында бөлінетін болады.Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.
Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.
2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 558. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің сөзіне сүйенсек, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтарды тағайындауға басымдық берілетін болады.
Сондай-ақ, осы мектептерде жұмыс атқаратын 41 басшылық құрам мен педагог кадрлар Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және «Назарбаев Зияткерлік Мектептері ДББҰ» Педагогикалық Шеберлік Орталықтарында арнайы курстардан (5 күн – қаралған қаржы 9,9 миллион теңге (курс ақысы мен іссапар шығынын қосқанда) толық өтетін болады. Жоба аясында енгізілетін мектептерде педагогикалық кадрлармен сапалық жағынан қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамтылмаған «Үздік», «Қызыл диплом» алған түлектердің тізімін сұратып және жұмысқа орналасуға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге ықпал жасау мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне хаттар жолданылып, бірлесе жұмыстар атқарылып жатыр.
Осы ретте жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде «Binom School» мектептер желісінің тәжірибесі ескерілетін болады. Орайы келгенде өңір бойынша мектептердің күрделі жөндеуі хақында да ақпарат бере өтейік. Түркістан облысында 1900-2011 жылдар аралығында пайдалануға берілген 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Оған қажетті қаржы көлемінің жалпы сомасы 80 миллиард теңгені құрайды.Қазіргі таңда 66 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Бұл ретте күрделі жөндеуге қажетті қаржы 50,4 миллиард теңгені құрап отыр.
2024 жылға 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы 7,7 миллиард теңге қаржы қаралды. Тарқата айтсақ, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен 7 мектеп (2,7 миллиард теңге), облыстық бюджеттен 15 мектеп (4,9 миллиард теңге) күрделі жөндеуден өткізіледі. Оның ішінде 5 мектепті («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен – 3, облыстық бюджеттен – 2) ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне пайдалануға беру жоспарланған. Ал, қалған 17 мектеп («Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен — 4, облыстық бюджеттен — 10) келесі жылға өтпелі. Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.
«Жалпы Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісімшарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, Түркістан облысында жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта оқитын 220 920 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осал топтағы отбасыдан шыққан 60 693 бала, 1-4-шы сыныптардағы 160 227 бала бар. Жалпы, облыстағы 881 мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту ұйымдастырылған»,- дейді Жандос Маханбетов.
Жандос маханбетов 2024-2025 оқу жылына дайындық жұмыстары туралы айта келе, бүгінде атқарылып жатқан кезек күттірмес жұмыстары туралы жан-жақты таныстырылып, бірінші кезекте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің берілуі, жайлы мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында балаларды ыстық тамақпен қамту және асханалардың санитариялық жағдайы бойынша баяндап берді. Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтің сөзіне сүйенсек, 2024 жылғы «Мектепке жол» акциясы аясында мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әр баланың мектеп формасына 43 407 теңге берілген. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының Түркістан облысының филиалы әлеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1 сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған.
Айта кететіні, өңірдегі білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқын алды. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтеруде. Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 106 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Ендігі жерде білім берудегі цифрандыру мәселелері туралы айтып өтсек. Цифрлік сауаттылық - ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі, ХХІ ғасырдың ең маңызды білімі, ең негізгі тақырыптарымыздың бірі.Цифрлік сауаттылық - бұл адам өмірінің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді қолдануға дайындығы және қабілеті. Осы технологияны қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашып отыр.
Расымен де, адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-соңды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Яғни, қазіргі таңда бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады.
Бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде: білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру.Қазақстанда мектептік білім беруді цифрландыру оны реформалау үрдісіндегі басты тенденциялардың бірі болып табылады. Болашақ мектептерінің көрінісі көбінесе барлық пәндердің бұлтты білім беру жүйесіне біртіндеп көшуімен байланысты. Біз онлайн оқулықтар мен виртуалды зертханалар туралы, ашық білім беру мазмұны, әрбір қатысушыға икемді және жеке көзқарас туралы айтып отырмыз. Үй тапсырмаларын оқушылар онлайн режимінде бірге жұмыс істей алады. Мектеп кітапханалары ақпараттық және компьютерлік орталықтарға айналды. Оқу үрдісі әрбір білім алушының идентификаторымен байланыстырылатын болады, бұл бағалау және бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мектептерді цифрландыру осы үрдіске қатысатын барлық ойыншыларға: оқушыларға, олардың ата-аналарына, мұғалімдеріне, білім беру жүйесінің әкімшіліктеріне ыңғайлы және тиімді құралдарды жасауды білдіреді. Сонымен қатар, оқу үдерісін цифрландыру, адамның адамдық қарым-қатынасының оңтайлы теңгерімі және виртуалды ортада нақты және цифрлы әлемді синтездеудің бір түрі болып табылатыны маңызды. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын цифрлық платформа құру мақсаты Цифрлік Қазақстан -2020 Елбасымен ұсынылған бағдарламаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысады.
ХХІ ғасырдың икемділігі мен құзыреттілігіне келсек, олар бастауыш мектептен бастап барлық білім беру қызметінде қалыптастырылуы керек. Білім беруді цифрландырудың, атап айтқанда жалпы білім беру жүйесінің іске асуының кейбір аспектілеріне тоқталайық.Соңғы уақытта жеке тапсырмалардан бастап тағайындалған құзыреттерді қалыптастыру үшін толық курстар мен модульдерге дейін ашық жалпы білім беру, жалпы дамудың онлайн-ресурстарын құру және пайдалану үдерісі белсенді түрде жүргізілуде. Онлайн курстардың бірыңғай платформасы баршаға ақпараттық ағындарға жылдам бейімделуге, ақпаратты бағалауға, ерекше жағдайларда шешімдер қабылдауға, бір сөзбен айтқанда, ХХІ ғасырдағы дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Халық өмірінің әлеуметтік парадигмасын қайта цифрландыру, ол адамдардың ой өрісін кеңейтуге, жаңа білім алу мүмкіндігін ашады. Заманауи білім берудің негізгі бағыттарының бірі - желілік қызмет, әлеуметтік желілерді білім беру ресурстары ретінде пайдалану және шалғай шеберлік сабақтарын өткізу, тренингтер. Желілік технологияларды қолданумен цифрлы білім берудің типтік ерекшеліктері - бұл икемділік, ұтқырлық, өндіріс қабілеттілігі, диалогтық және интерактивтілік, медиа ағындарды қабылдауға бағдарлау.
Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы. Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді.
Білім саласындағы цифрландырудың ең басты міндеті – білім беру сапасын арттыру, яғни халықаралық дейгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде «жасанды интеллект» және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті Ел жастарын дайындау. Осыдан ширек ғасыр бұрын атауы мен мазмұны көпшілікке бейтаныс болған цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаға терең еніп, индивидтердің дағдыларын түрлендірді. Мемлекеттегі цифрландыру деңгейі мен оның азаматтарының мұндай технологиялар туралы сауаттылық көрсеткіші елдің әлемдік аренадағы бәсекелік қабілетін, халықтың әл‑ауқатын айқындайтын факторлардың қатарына енді.
Цифрлық технологияларға кең мағынада электронды құрылғылар, жүйелер мен мәліметтерді өңдейтін бағдарламалар жатады. Мұндай жағдайда компьютер мен смартфондар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, түрлі бағдарламалар осы түсініктің ішіне енеді. Цифрлық сауаттылық дегеніміз осы технологияларды меңгеру және қолдана білу. Цифрлық технологиялардың аз мерзім ішінде өмірімізді трансформациялап, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Олар еңбек нарығын да өзгертіп, бірқатар мамандықтарды жойып, орнына жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына әкелді. Сол себепті жаңа шарттарға бейімді болу мен оған қажетті дағдыларды білу ең керекті қасиеттердің қатарында қарастырылады.
Бүгінде ғылым мен технология қарқынды даму жолында көптеген жұмыс орындарына барлық салаларда жаңа технологияны жетік қолдана алатын тұлғалар шақырылады. Сондықтан, бұл мәселелерді шешу үшін білім беру жүйесін жаңа форматта, цифрлық технологияларды қолдану жолымен дамыту маңызды. Білім беру ұйымдарын жаппай цифрландырудың маңызы болашақ ұрпақтың кез келген салада ақпараттық сауаттылығын арттырып, шеберліктерін шыңдап, жан-жақты іскерлігін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, білім кеңістігінде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл – білім сапасын арттыру, оқыту үдерісін қолжетімді ету, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың байланыстарын жеңілдету тұрғысынан да өзекті. Осы мақсатта білім саласын цифрландыру жұмыстары кең қанат жайып келеді. Атап айтсақ, орта мектептерді жаппай компьютерлендіру, соңғы модельдегі техникалармен жабдықтау, ақпаратты тасымалдаудың ыңғайлы жолдарын дамыту болып саналады. Бұл контекстте қашықтан оқытудың да осы цифрлық жүйеге жататынын айтып өткен дұрыс.
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Білім және ғылым министрлігі бірқатар маңызды жұмыстар жасағанын айтып өткен дұрыс. Республикамызда мұғалімдердің цифрлы сауаттылық бойынша білімдерін кеңейту және арнайы оқыту курстарынан өтуі жолға қойылған. Бұл мәселе бойынша «Өрлеу» АҚ филиалдары мен Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында мектептердің информатика пәнінің мұғалімдеріне дәрістер тұрақты ұйымдастырылады. Бұл курстарда ұстаздар білім саласындағы соңғы жаңалықтармен, технологиялармен танысып, біліктілігін арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бірнеше салаға серпін бергенін айтып өткен жөн.
Заман ағымы бір орында тұрмайды, әрқашан өзгеріп, жаңарып отырады. Онымен бірге адамдардың тұрмыс‑тіршілігі мен қажеттіліктері де өзгереді. Жаңа қажеттіліктерге сай мамандар даярлау үшін білім жүйесі де трансформацияланып, уақыт ағымына ілесіп отырады. Осы жағдайда білім беру технологияларының, форматтарының уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғыруы қалыпты құбылыс. Бүгін өзекті болған кейбір құралдар мен нормалар, ертең маңыздылығын жояды. Мысалы, бүгін біртіндеп дамып келе жатқан виртуалды шындықтың білім беру жүйесіне енуі, басқа шарттарды талап етеді. Осындай өзгермелі әлемде мемлекеттегі білім саласына жауапты шешім қабылдаушылардың міндеті өзектілігі артып келе жатқан технологияларды ерте аңғарып, оны басқалардан бір саты бұрын енгізе білу. Бұл азаматтардың да, мемлекеттің де бәсекелік қабілетін күшейтеді.
Жалпы, заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін білім беру жүйесін цифрландыру өте өзекті деген тұжырым жасауға болады. Сол себепті әлемнің көптеген елдері арнайы бағдарламалар қабылдап, заманауи технологиялардың білім саласында қолданылуын кеңейтуге ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл салада жағымды өзгерістердің жүргізіліп жатқандығы, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның жоғарылығы, еліміздің осы бағытта әлемнің кез келген елімен бөлісе аларлық тәжірибесі барлығы анықталды. Бұдан отандық білім жүйесі заманауи технологияларды меңгерген, сапалы кадрлар даярлауға қабілетті деген ой түйіндеуге болады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат