Сейсенбі, 03 Қыркүйек 2024 14:54

Түркістанда білім мекемелері оқулықпен толық қамтылуда

Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты білім мекемелерінің білім алушылары 2024-2025 оқу жылында оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтылды.

Оқулықтар Түркістан қаласына жеткізіліп, барлық мектептерге таратылды.Биылғы жылы арлығы 204132 дана оқулық алынды. Оның ішінде: 3, 5, 6, 7, 8, 9-сыныптардың төмендегідей оқулықтары жаңартылып, тарқатылды.

3-сыныпқа:

1. Цифрлық сауаттылық

2. Бейнелеу өнері

3. Еңбекке баулу

4. Ағылшын тілі

5. Жаратылыстану

5, 6, 7, 8, 9-сыныптарға «Жаһандық құзыреттер»

7-сыныпқа «Қазақ тілі»

8-сыныпқа «Дүние жүзі тарихы»

9-сыныпқа «Қазақстан географиясы»

9-сыныпқа «Қазақстан тарихы» оқулықтары жаңартылып, барлық мектептердегі білім алушыларға таратылды.

Қала аумағының кеңейіп, қосымша сыныптар ашылуына байланысты 1-11 сынып аралығындағы жетіспейтін оқулықтарға қосымша тапсырыстар беріліп, мектепаралық кітап алмасу жұмыстарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Түркістан қалалық білім бөлімі оқулықтар бойынша сұрақтар болған жағдайда бөлімнің әдіскері Жанар Абдухаликоваға хабарласуға болатындығын ескертеді.

Мектептегі оқулық мәселесі өзекті тақырыпқа айналғалы қашан. Оның себебі де жоқ емес. Кейінгі отыз жылда білім беру саласы түрлі реформа­дан көз ашпады. Сынақ алаңына айналды десе де болады. Соның бір ұшы оқулыққа да әсер етті. Санамен бірге оқулық та сан мәрте өзгеріске ұшырады. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім саласындағы реформаларға тоқталып, оқулық сапасының төмендігін айтып, мәселе көтергені де есімізде.

Бұрын елімізде оқулық жазудың өзіндік мектебі болғанын білеміз. Оның басында айтулы ғалымдар, білікті мамандар тұрды. Солардың жазған оқулықтарымен қаншама ұрпақ білім алып, арман жолына қанат қақты. Қазір сол бір қалыптасқан мектептегі сабақтастық үзіліп қалды ма? Әлде уақыт талабына сай оқулық жазу күрделене түсті ме? Авторлардың біліктілігі қан­дай? Осындай сан сауал оқырмандарымызды да ойландыратыны анық. Төменде еліміздегі білім саласындағы мамандар мен ғалымдарды сөйлете отырып, осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

 

Бүгінде 1-11 сынып оқушылары 700-ге жуық оқулықты пайдаланады. Оларды 20-дан­­ аса баспа үйінің авторлық ұжымы әзір­ле­ген. Сондықтан оқулыққа көңілім толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Бізде сапалы оқулықтар мен білікті авторлар да баршылық. Кейбір оқулықтарды жетілдіре түсу керек екені де жасырын емес. Қазір орта мектепте жаңар­тыл­ған білім мазмұны қолға алынды. Бағдарламаның мақсаты – оқу­шы­ларға жан-жақты білім беру. Ал білім бе­рудің негізі – сапалы оқулықта. Отан­дық баспалардан жарық көрген мек­теп оқулықтарына жұртшылықтың көңілі тола ма?

Жаңартылған білім мазмұны де­ге­німіз – 2016-2021 жылдар аралығында функ­­ционалдық сауаттылық идеясына негізделген оқу бағдарламалары және оларға сай жазылған оқулықтардың мектептерге енуі жөніндегі ірі реформа.­ Бұл білім мазмұнының енгеніне де 8 жылдай уақыт өтті. Қазір мұғалімдердің басым көпшілігі тиісті пәндердің оқу мақсаттары, әдіс-тәсілдері, балалар игеруге тиіс ұғым-түсініктер мен материалдар сипатталатын оқу бағдарламасынан гөрі оқулыққа жүгінеді. Сондықтан оқулықты білім мазмұнының негізі деп танып, оқыту сапасының маңызды факторы ретінде қарайды. Бүгінде 1-11 сынып оқушылары 700-ге жуық оқулықты пайдаланады. Оларды 20-дан­­ аса баспа үйінің авторлық ұжымы әзір­ле­ген. Сондықтан оқулыққа барлығының көңілі толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Қазақстанда сапалы оқулықтар мен білікті авторлар да баршылық. Кейбір оқулықтарды жетілдіре түсу керек екенін де белгілі. Педагогтар қолдарынан келгенше осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, мектеп оқулықтары сапалы болуы үшін алдымен Оқу-ағарту министрлігінде әзірленетін оқу бағдарламасына маңыз беру керек. Оқулық сол бағдарламаның негізінде дайындалатынын кейде ескермейміз. Алдымен оқу бағдарламасы талқыланып, оған қандай материал кіреді, оның әдістемесі қандай болады, соның бәрі талқыланады. Қазір оқулықты баспа шығарады. Сондықтан баспалар оқулық авторын өздері таңдайды. Авторлар оқулықты бағдарлама шеңберінде жазса да, сапалы жазуы керек. Оқулық мазмұнын әрбір сынып деңгейіне лайықтап, сөйлемді жатық құрып, ойды анық жеткізген жөн. Сынып жоғарылаған сайын оқулықта берілетін тапсырма көбейіп, мәтін күрделене түседі. Осыны ескеру қажет секілді.

Бүгінгі таңда жаңартылған білім мазмұнына сай жарық көрген оқу­лық­тар­дың жалпы сапасы, құрылымы, маз­мұ­ны мемлекеттік білім стандартына сәй­кес жасалған. Десе де қолданыстағы оқу­лықтарға айтылған сын-пікірлердің бар­ екені рас. Өйткені қазіргі пайдаланып­ жүр­ген оқулықтарда оқушылардың жас­ ­ерекшеліктері ескерілмей берілген күр­­делі тапсырмалар мен мәтіндер кез­де­се­ді. Дегенмен бас­тауыш сынып оқу­­­шы­­ларына арналған оқулықтарғакөпшіліктің кө­ңі­лі­­нен шығып жүр. Оқушыға қызықты, ұстазға тиімді.

Еліміздегі білім беру жүйесін дамыту мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты міндетінің бірі – білім берудің мазмұнын жаңарту. Еліміз отандық білім берудің озық дәстүрлері мен стандарттарын сақтай отырып, әлемдік білім беру тәжірибесіне бағытталған стратегиялық курсты таңдады. Білім беру ұйымдарында жаңартылған оқу бағдарламасына көшу – заман талабы. Жаңартылған оқу бағдарламасы 2012 жылы негізгі орта білім жүйесінде Назарбаев зияткерлік мектептері негізінде енгізілген болатын. Білім беру мазмұнын жаңарту – орта білім беру құрылымын, оқытудың және тәрбиелеудің тәсілдері мен әдістерін қайта қарау. Қолданыстағы жаңа оқу бағдарламасының мақсаты – бәсекеге қабілеттілікті, функционалдық сауаттылықты арттыру.

Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, заман талабына­ сай біліммен қаруландыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін білім беру мекемелерінің негізгі міндеті – баланың даралығын ашу, шығармашылық тұрғыдан ойлайтын, интеллектуалды әрі жан-жақты дамыған жеке тұлғаны дайындауға көмектесу. Бiлiм мазмұнын жaңaрту aясындa оқушылар білім алумен қатар өмірге икемді, түрлі мәселені өз бетінше шеше алатын­ іскерлік дағдыларын меңгереді. Ал са­палы оқулықтың жазылуы­ мем­ле­­кеттік стандарт пен типтік оқу бағ­дар­­ламаларының сапасына тікелей тәуелді. Жаңартылған бағдарламаға да қазақстандықтардың, соның ішінде ата-аналар мен ұстаздардың айтар сөзі ақпарат құралдарында көрініп жүр. Қазіргі қолданыстағы оқулықтардың мазмұны мен сапалық жағына айтар сын аз емес.

«Оқулықты білікті ғалым, тә­жі­ри­белі педагог және білімді әдіскер се­кілді үш автордың жазғаны дұрыс. Міне, осындай үш тараптағы ма­ман­­дардың бірігуімен бағдарламаны тал­қылап, одан әрі жетілдіре түсу қа­жет. Оқулық авторларының көңілге то­л­­майтын тұстары бар. Ата-аналар мен ұстаздардың оған қатысты сын-пікірлерін мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желіден оқып жүремін. Мұғалімдер әдЕбиет оқулықтарында балалардың жылдам жаттап алуына ауыр, түсініксіз, бұлыңғыр, ойлары екіұшты өлеңдердің бар екенін айтады. Оқулыққа енетін шығармаларда архаизм­ мен диалект сөздер көп болмауы­­ керек. Жалпы, диалектінің болмағаны дұрыс. Кейде көркем шығармаларға түсініктеме беріп жатады, оның өзі кейде теріс екенін байқаймын. Сонымен қатар оқулықтарды безендіруге суретшілер де атсалысса деймін. Безендіру мәтінге сай болуы қажет» - дейді жазушы, филология ғылым­дарының докторы Нұрдәулет Ақыш.

«Осыған дейінгі қағаз және электронды оқулық авторы ретінде жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде жазылған оқулықтарға сыни қарай аламын. Оның үстіне 45 жыл білім саласында, соның ішінде мектептен қазірге дейін қол үзбегенімді айта кетейін. Мектеп оқулықтарындағы басты кемшілік – жазылған бағдарлама аясынан шыға алмау. Шиыршық тәсілі бойынша жазылған бағдарлама негізінде оқулық жазу өте күрделі екенін көрдім. Батыс елдерінің білім беру жүйесіне еліктеу, қайталау барысында кемшіліктер жібергеніміз анық.

География және биология мамандығы бойынша педагогикалық институтты бітіргендіктен, сөзім нақты болуы үшін мысалдар келтірейін. Географияны, биологияны оқытудағы кейбір өзекті бөлімдердің, жеке тақырыптардың мақсатты жүйесінде болмағаны осы пәндерден берілетін білімнің төмендігін көрсетеді. 10-сыныпқа арналған география оқулығының авторы ретінде айтарым, бағдарламадан тыс қосымша материалдарды берудегі қиыншылықтар бар. Қабылданған ережеге сай болу керек деген шектеу бар. Қазіргі кезде­гі өзекті геоэкологиялық, әлеуметтік экономикалық мәселелерді қосуға болмайтындықтан, оқулық сапасы төмендейді. Жалпы, 36 сағат көлемінде оқылатын пәндер толық білім бере алмасына көз жеткізіп отырмыз. Гео­гра­фиялық білімнің жаратылыс­тану­ ғы­лымдары ішіндегі өз дәреже­сінде қамтылмағаны қынжылтады. Гео­­гра­­фия­­лық білім беруде қазіргі таңда­ғы­ географиялық жаhандық өзгеріс­тер­де­гі­ климаттың жылынуы, шөл басу, ауыз су, геоэкономикалық, геосаяси мәсе­лелер толығырақ қарастырылуы керек. Тұрақты дамудың 17 бағытының көп­ші­лігін қамтыған жөн.

Оқулық жазатын авторлардың білік­ті­лігі мен кәсібилігін қалай бағалаймыз де­генге оралайық. Баспалар арасында оқулық жазуға қатысты ымырасыз тартыс бар. Қазіргі қолданыстағы оқулықтардан бөлек баламалы оқулықтарды да көріп жүрміз. Олардың артықшылығы болса да, тек сараптама орталығынан өткен министрлікпен бекітілген оқулықтар қолданыста болуға тиіс. Мәселен, жоғары санатты мұғалімдер жазған оқулықты қарасаңыз, 3-4 автордың соңында ғалым авторды көресіз. Олардың қаншалықты еңбегі, тәжірибесі бар оны қарамаймыз. Бұл – оқулық жазу талабының кемшілігі. Сондықтан да қолданыстағы оқулықтарда барлық пән бойынша жоғары оқу орындарындағы бакалавр дәрежесіне лайықты тақырыптар кездеседі. Оқулық бір жылда жазылмайды, бұл ұзақ уақытты талап етеді. Мен білетін қаншама ұстаз осы мәселемен айналысып жүр, бірақ олар автор емес.

Оқу-ағарту министрлігі тарапынан оқулықтарға қатысты оң шаралардың барын көріп отырмыз. Арнайы оқу­лық­ жазу курсын бітіргендер мен бағ­дар­лама әзірлеушілерден тұратын автор­лық топ құралды. Қазіргі кезде жаңартылған бағдарлама бір кезеңін аяқтады. Министрдің бұйрығымен 2022 жылы әзірлеуші топ құрылып, бағдарламаның жетіл­ді­­ретін тұстарын әдіс­те­мелік-ди­дак­тикалық тұрғыдан ретке келтіру тапсырылған болатын. Ол жұмыс мәреге жақындап қалды. Қазір Қазақстан географиясын оқытуда пікірталас туындап отыр. Себебі олар жасалып жатқан бағдарлама мазмұны мен оның орындалу механизміне назар аудармай отыр. Оқытудың жаңа мазмұны елдің үмітін ақтауға тиіс. Егерде 8-11 сынып бағдарламалары 4-6 жылдан кейін енгізілсе, бағдарлама өзгермелі заман талабына қаншалықты сәйкес келмек. Ойланатын жағдай. Бұл істе Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының батыл шешімі қажет» - дейді география ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызмет­кері Орденбек Мазбаев.

Ал, респуб­ли­калық ғылыми-практикалық білім мазмұ­нын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов мынадай пікір айтады: «Оқулық – мұғалімінің де, оқушының да пәндік білімді игерудегі басты құралы. Бір жағынан, оқулық авторларының шеберлік мәселесінде көпшілік біле қоймайтын жайттар бар дейді мамандар. Мәселен, 2004 жылдан бастап мемлекет оқулық әзірлеуді нарыққа бергендіктен, авторларды баспа үйлері іріктейді. Мемлекет авторлар еңбегінің нәтижесі – оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын көп кезеңді, шамамен 7 айға созылатын сараптама арқылы бағалайды. Осы мақсатта 2005 жылы біздің орталық құрылды. Биыл орталыққа 18 жыл толады.

Оқу-ағарту министрлігі 2020 жыл­дан­ бері мектептегі оқу әдебиеті автор­­­­ларын оқулықтану мәселелері мен оқулық сапасын бағалау талаптарына арналған оқу курсынан өтуге міндеттеді. Авторлар курсқа бас­па­лар есебінен қатысады. Курсты ми­нис­­трлік мақұлдаған бағдарламаға сүйеніп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Педагогика ғылымдарының академиясы және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырады. Бүгінге дейін 1,5 мыңнан астам оқулық авторы аталған курстан өтіп, оқу әдебиетін жазу дағдыларын жетілдірді.

Тағы бір қолданыстағы маңызды құқықтық талап – оқулықты міндетті түрде үш маманның бірігіп жазуы. Дәлірек айтқанда, пәндік саладағы ғалым және кемі екі практик мұғалім. Баспалар мемлекеттік сараптамадан өтетін балама оқулықтары арқылы бір-бірімен бәсекеге түсіп, оқулықтардың ұтымдысы ғана мақұлданатындықтан, үздік әрі тәжірибелі ғалымдар мен педагогтерді тартуға мүдделі. Әдетте баспалар оқулық авторларын «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог», «Үздік оқытушы» сияқты республикалық байқаулардың жеңімпаздары, өз пәндері бойынша шығармашылығымен, өзіндік стилімен педагогикалық ортада танылған майталмандардың арасынан іріктейді».

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптаудың мемлекеттік жүйесі 5 кезеңнен тұрады: бірінші – бастапқы ғылыми-педагогикалық сараптама, екінші – жаңа оқу бағдарламасымен әзірленген оқулықтарды сынақтан өткізу (пилоттық мектептерде), үшінші – қоғамдық талқылау, төртінші – сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама, бесінші – пәндік сараптамалық комиссия. Осы кезеңдерден өтіп, оң қорытынды алған оқу басылымдары білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылады. Әрбір кезеңді ұйымдастыру реті мен талабы Оқу-ағарту министрлігінің 2012 жылғы №344 арнайы бұйрығымен белгіленеді. Бұл бұйрық практика қажеттіліктерін және қоғамдық пікірді ескеру мақсатында жетілдіріліп отырады. Кейінгі үш жылда баспалардан келіп түсетін оқулық макеттері сараптамаға «иесіз» күйде түседі. Яғни бір түсті мұқабамен, авторлары мен бас­пасы көрсетілмеген күйде сарапшыларға ұсынылады. Бұл мүдде қайшылығының алдын алып, сарапшылардың оқулыққа мейлінше объективті, әділ баға беруі үшін жасалды.

Әрбір оқулық пен оған ілескен басылымдарға ғылыми-педагогикалық сараптаманы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы қалыптастыратын сараптамалық топ жүргізеді. Топтың құрамына сырттан бір ғалым және әрбір пән бойынша кемінде екі практик мұғалім тартылады, орталықтан бір-екі жауапты сарапшы тағайындалады. Ғалым сарапталатын пән шеңберінде алынған ғылыми дәрежесіне сай болуы, ал мұғалімдерде «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаты болуға тиіс. Сонымен бірге сарапшылар авторлар секілді арнайы оқу курсынан өтіп, тест тапсырады. Орталық сарапшылардың тест нәтижесін, еңбек өтілін және бұған дейін оқу әдебиетін сараптаудағы тәжірибесін ескереді.

Алғашқы кезеңдерде сараптамалық топқа ресми енген сарапшылар пәндік сараптамалық комиссия құрамына ен­бейді. Демек комиссия жаңадан жасақ­талады, оған жылда 100-ден астам маман тартылады. Комиссия алдыңғы кезеңдердің қорытындылары мен ұсы­ныс­тарын ескеріп, оған ұсынылған ба­лама оқулықтарды салыстырады. Соң­ғы ше­­шімді дербес қабылдап, мектептер­ге ұсы­­нылатын оқу әдебиеттерін анық­тайды.Сарапшылар мен авторлар да мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және Оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды басшылыққа алады.

«Қоғамда ең көп талқыланатын және сынға ұшырайтын дүниелердің бірі – мектеп оқулығы. Ол заңды да шығар, сірә. Ойлап қарасаңыз, қолданыстағы 700-ден астам оқулықты жыл бойы 400 мыңға жуық мұғалім, 3,5 миллиондай оқушы және олардың ата-анасы, ата-әжесі үздіксіз пайдаланады. Бұл оқулыққа артылған жүктің ауырлығын да, маңыздылығын да көрсетіп тұр.

Оқулық бірнеше саланың тоғысуынан туатын айна іспеттес, олар: педагогика, пәндік ғылым, мемлекеттік тілдің қоғамдағы дамуы, кітап басу ісі мен IT-саласы. Әрбір саланың мықты да, осал да тұстары оқулық мазмұнында көрініс табады деуге болады. Мысалы, біз 90-шы жылдардан бері кеңестік кезеңдегі білім педагогикасын әрекет педагогикасына, яғни академиялық білім үлесін қолданбалы дағдылар есебінен арттыруға тырысып бағудамыз. Әлемнің бақуатты елдерінде әлдеқашан қалыптасқан білім берудің осы философиясы бізде әлі орныға қойған жоқ. Сондықтан педагогикалық оқу орындарын бітіретін педагог мамандар академиялық сипаттағы оқу материалына ден қоюға үйренген. Бұл өз кезегінде авторлардың оқулықтағы материалды сипаттау стиліне әсер етеді. Сарапшылар да іс-әрекет түрлеріне мән берілген оқулықтан гөрі ақпараттық сипаттағы оқулықты артық көреді. Жаңа заман ұрпағы болса, ұзын-сонар мәтіннен қысқаша тезистерді, абстрактілі жаттығулардан практикалық жұмыстарды ұнатады. Осындай бір дилеммадан оқулық нашар деген ой қалыптасуы мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі оқулық маз­мұнын сараптауда мән берілетін мін­детті бірнеше 4 аспектіні бекітті – мәтін, иллюстрация, тапсырмалар және баяндау тілі. Олардың әрқайсысы оқу­шылардың жас ерекшелігін және таным­дық қызығушылығын ескеруге тиіс.

Тағы бір мысал келтірейін. Біздің қоғамда әуелі орыс тіліндегі контентті дайындап, сосын оны қазақшаға аудару үрдісі белең алған. Оны билік тармағының барлық уәкілетті органдары, банк ісі, қызмет көрсету секторынан күнделікті көреміз. Бұл үрдісті оқулықтан да байқадық. Оқу пәндерінің оқу бағдарламаларының қазақша және орысша нұсқаларының бір-біріне сәйкестігін ескеріп, баспа үйлері авторлық ұжымы әзірлеген оқулықтың ұтымды шыққан орыс нұсқасын аудару жайттары соншалықты сирек емес. Аударма сапасы жиі көңіл көншітпейді, тілі жатық емес, тәрбиелік әлеуеті толық ашылмайды. Осындай проблеманы шешу мақсатында былтыр министрліктің бұйрығымен қазақ тілінде оқытатын мектептерге ұсынылатын оқулықтардың әуелден қазақша жазылуы талап етілді. Қарап отырсаңыз, оқулықты әзірлейтін біздің ғалымдар мен педагогтер, отандық бәсекелес бас­­палар болғандықтан, олар өздерін қалыптастырған ортадан ілгенін оқулық мазмұнына түсіреді. Біз Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен оқулық сапасының қоғам көңілінен шығуы үшін аталған «фондық қиындықтарды» еңсеруге, бөлінетін ресурстар шеңберінде күш-жігер салып келеміз. Кейінгі үш жылда оқулық сапасын арттыру, сараптама жүйесін жетілдіре түсу, әзірлеуші баспалардың жауапкершілігін күшейту, мұғалімдердің балама оқулықты таңдау тетіктерін нақтылауға бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды. Алдағы жылдары аталған шешімдердің тұрақтауына, мемлекеттік сараптамаға тартылатын сарапшыларды ынталандыруды күшейтуге және цифрлық білім ресурстарын дамыту аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр» - дейді Елдос Нұрланов.

Кезінде Алаш ардақтысы, қазақ кітап басу ісін ұйымдастырушы Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, көпке түсінікті әрі білім алудың төте жолын ұсына алатындай оқулықты сапалы деп айтуға болады. Ондай оқулықтармен мектептің барлық сыныптары мен пәндері түгел дерлік әзірленіп қамтылуы үшін келесідей алғышарттар қажет: ең әуелі, оқулық қайнар көзі – оқу бағдарламасы көңілден шығып, онда мемлекет пен қоғам мүддесі, мұң-мұқтажы және заманауи сын-тегеуріндер үйлесім тапқаны дұрыс.

«Оқулықтарды әзірлеу мен енгізудің ұзақ мерзімді жоспары бекітіліп, нәтижесінде оқулық әзірлеуші баспа үйлері мен авторлық ұжымдарына қажетті уақыт берілуі қажет. Бұл үшін былтыр өңделген үлгілік оқу бағдарламаларына сәйкес, оқулықтарды енгізудің 2030 жылға дейінгі жоспар-кестесі бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр.

Баспа үйлері заңнамада көзделген баспаішілік сараптама барысында редакторлық және рецензиялық жұмыстарға, оқулықтың тың тұстарын таныстыруға баса назар аударуы қажет. Осылайша, сарапшылар оқулықтардың техникалық, емлелік олқылықтарына көп уақыт жұмсамай, мазмұнға үңілуге мүмкіндік алады. Әзірленген оқулықты іріктеп өңдеуге күш салатын мемлекеттік сараптама жүйесінің кадрлық және процедуралық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыру керек. Бұл жұмыс жүйе операторы – біздің орталықтың қызметін күшейте түсуге ықпал етеді.

Мемлекеттік сараптама рәсімдеріне ақпараттық технологиялар ұсынатын аналитикалық құралдарды кеңінен енгізу қажет. Қазіргі кезде сондай мақсатта электронды платформаны әзірлеу жұмысы жүргізілуде. Бұл оқулықты сараптау жұмысы жөнінде ауқымды мәліметтерді талдап, оқу басылымдары, баспа үйлері, авторлар және сарапшыларға нақты шешім қабылдаудың тетігі болмақ. Бір пән бойынша мақұлданған балама оқулықтардың ішінен таңдау құқығын мектеп мұғалімдері Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тәртіпке сай барынша пайдалануы керек. Бұл қай баспа өнімінің көбірек сұранысқа ие болғанын көруге мүмкіндік туғызады» - дейді Респуб­ли­калық ғылыми-практикалық білім мазмұ­нын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов мырза.

Расында да, оқулықтар сапасын арттыру жұмысы мектепке жеткен соң да тоқтап қалмауы керек. Демократиялық қағидатпен мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналардың оқулық жөніндегі риясыз пікірі зерттеліп, дұрыс-бұрысы эмоциясыз, ғылыми негізде пысықталуы қажет. Оқу бағдарламасы айтарлықтай өзгермесе, бұл оқулықтар қайта басылғанда зерттеу нәтижелері авторлар мен сарапшыларға «интеллектуалды азық» болар еді.

Оқулықтың сапалы жазылуы авторлардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты екені анық. Бұл жұмысқа ой-санасы қалыптаспаған, айтқан сөзі мен пікірі күмәнді авторларды тартуға болмайды. Оқулық – ұжымдық еңбек. Оны бір адаммен шектеу дұрыс емес. Қысқасы, пікірі көңілге қонымды, білімділігі мен кәсібилігін ортасы мойындаған авторлардың қолынан шыққан оқулық сапалы болары анық.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 55 рет