Конференция аясында университет ғимаратының қасбетінде Нұртас Оңдасыновқа арналған мемориалдық тақтаның және университет қабырғасында оның есімімен аталатын арнайы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімдері өтті.
Бұл шаралар Қазақстанның жеті қаласында өтетін, қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын дәріптеу және оның ұлт дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатындағы кең ауқымды бастаманың бір бөлігі. Сонымен қатар, қатысушыларға «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» атты деректі фильм көрсетілді.
Алғашқы сөз кезегін алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің құттықтауын жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры міндетін атқарушы Ғани Әбзелбекұлы Бесбаев ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметі қазіргі ұрпаққа өнеге екендігін атап өтті.
Бұл ғылыми-практикалық конференция қазақ тарихында терең із қалдырған тұлғаның мұрасын жаңғырту жолындағы маңызды қадам болды.