Сәрсенбі, 13 Қараша 2024 23:53

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясындағы жаңа мектептерде білім беру процесі басталып кетті

Елімізде пайдалануға берілгеніне 50-70 жылдан асқан 500-ден астам мектеп бар. Әрине, олардың бәрін ауыстыру керек. Сонымен қатар үш ауысымды және апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған мектептер бар. Қазір ел бойынша 148 мектеп үш ауысымда бала оқытып жатыр. Бұл бала туу көрсеткішінің артуымен байланысты. Яғни бала туу оң динамиканы көрсетіп отыр. Былтыр ел аумағында 247 мектеп салынып, 135 мың оқушы орны пайда болды.

Соңғы 20 жылда елімізде 1 мыңнан астам мектеп салынған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдар­ламасында алдағы бірнеше жылда 1,5 млн оқушы орнымен қамтамасыз етуді тапсырды.  Оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ.

Осы орайда 24 қазан күні Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алғашқы екі мектептің техникалық ашылуы өтті. «Нұршуақ» шағынауданында орналасқан 2000 орындық жаңа мектепке 1130 оқушы қабылданды, ал «Қарабастау» тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Бұл жаңа мектептерде оқу жылының екінші тоқсанынан бастап сабақтар басталды.

Мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылып, балалардың дамуы мен оқуына қолайлы орта жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, мектептер заманауи пән кабинеттерімен, STEM-зертханаларымен және робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Сондай ақ Нұршуақ шағын ауданында орналасқан Мектептің материалдық базасы да жоғары деңгейде: 450 орындық акт залы, 444 оқушыға арналған асхана жұмыс істейді, жалпы 80 оқу кабинеті бар. Мектепке №54, №55 және №136 мектептерінен 1096 оқушы және 79 мұғалім ауысып келді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған.

Оқылды 131 рет