Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының ұйытқы болуымен «Мұғалімдер күні» мерекесіне орай өткізілетін мерекелік шара ұстаздар ұлықталған күн болды. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түркістандық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаумен қатар қаламыздың ғана емес, еліміздегі білім саласының дамуына зор үлестерін қосқан ардагер ұстаздардың иығына шапан жауып, зор құрмет көрсетті. Сонымен қатар, соңғы жылдары өзіндік кәсіби жетістіктерімен көзге түскен педагогтарға Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін, облыс әкімінің құрмет грамотасын, қала әкімінің «Алғыс хаттарын» табыс етті.
Ұстаздарды ұлықтау мен құттықтауға келген Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ерғалиқызы Қасымбекова, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Қырықбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы Қолдасова да сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін ұлағаты мол ұстаздарға арнады. Сондай-ақ, еңбектерімен еленген педагогтарға түрлі деңгейдегі марапаттарды табыс етті. Ал, өмірін ұстаздыққа арнап, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер-ұстаздарға сый-сияпаттарын табыс етті.
Мерекелік шара барысында қаламыздың жас өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, ұстаздарына мерекелік концерттік бағдарламасын тарту етті.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат