«Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы
Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу бойынша тиісті жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, биыл өңірде 20 мектептің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 14,7 миллиард теңге қаржы қаралған. Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, оның ішінде 15 мектептің құрылысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі болса, қалған 5 мектептің құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін 13 білім ошағының құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұрғанын да атап өткен жөн.
Биыл жаңа оқу жылында 700 орындық 4 білім ұясының ашылу салтанаты өтті. Атап айтсақ, Қазығұрт ауданының Қызылқия ауыл округіне қарасты Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебі мен С.Рахымов ауыл округіне қарасты Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық білім ұясы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылдық округіне қарасты Ақкөл елді мекенінде 100 орындық оқу ордасы, Төлеби ауданының Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт ауданында бой көтерген 4 мектептің құрылысына облыстық бюджеттен жалпы 2 528,1 миллион теңге қаржы қаралған. Мәселен, биыл жаңа оқу жылында тұсауы кесілген аудандағы Қызылқия ауыл округінің Айнатас елді мекеніндегі 100 орындық «Айнатас» мектебінің құрылыс жұмыстарын Түркістан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «CK New City» ЖШС жүргізді. Ал Сабыр Рахымов ауыл округінің Көкібел елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берген мердігер мекеме – «Өмірзақ» ЖШС.
Бұдан бөлек Қазығұрт ауданының Тұрбат ауыл округіне қарасты Тұрбат елді мекенінде «Direct Delivery» ЖШС жаңа білім ошағының құрылысын жүргізіп жатыр. 300 орындық мектепті биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған. Ал құрылысы қазан айында басталатын Шарбұлақ ауыл округінің Шарбұлақ елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысын келесі жылы аяқтау күтіліп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурс нәтижесіне сәйкес «SHEBERBUILD» ЖШС жеңімпаз болып анықталған.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында жеке кәсіпкерлердің білім саласына инвестиция салуына да қолайлы жағдай жасалған. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан мектептердің саны артып келеді. Айталық, Арыс қаласының Онтам елді мекені оқушылары биылғы оқу жылын зор қуанышпен қарсы алмақ. Жуық арада ауылда жеке инвестор есебінен 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бүгінде 140-қа жуық ауыл баласы Ақдала ауылындағы мектепке автобуспен қатынап оқып жүр. Енді жаңа әрі заман талабына сай жабдықталған мектепте білім алады. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Мектеп соғуға атсалысқан инвестормен жүздесіп, сапалы білім беру ел болашағының негізі екенін баса айтты. «Жеке кәсіпкердің қоғам игілігіне жасаған бұл үлесі ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жас буынның білім алуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Жаңа мектептің соғылуы — ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық қана емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік» — дейді шаһар басшысы.
Мектеп заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда кең әрі заманауи спорт және акт залы, пәндік кабинеттер, кітапханалар, жуыну бөлмелері мен ішкі әжетханалар қарастырылған. Қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмаған — бейнебақылау камералары орнатылып, сыртқы спорттық тренажерлер мен футбол алаңшасы да қарастырылған. Ауыл тұрғындары мен оқушылардың қуанышына айналатын бұл мектеп білім сапасын арттырып қана қоймай, ауылдағы балалардың күнделікті өмірін жеңілдетпек. Бұл онтамдық оқушылардың уақытын үнемдеуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға үлкен септігін тигізбек.
Ал Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында типтік үлгідегі жаңа «Болашақ ұрпақ» мектебі пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары және ел ағалары арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. «Болашақ ұрпақ» мектебінде оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай қарастырылған. 242 орындық білім ұясында заман талабына сай жабдықталған пән кабинеттері, асхана, спорт зал, кітапхана бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимарат бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Сонымен қатар мектептен 4 бағытта 4 автобус қатынайды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде 60 мыңдай оқушы заманауи білім ошақтарында оқуға мүмкіндік алмақ.
Сөз арасында «Жайлы мектеп» тақырыбы бойынша толығырақ мәлімет бере кетсек. Тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты. Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған.Анықтама үшін нақтылай кетсек:
Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп.
Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Анықтама ретінде нақтырақ айтсақ:
2023 жылы басталған 29 мектеп:
— Түркістан қаласында – 3 мектеп: 2000 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 1 мектеп;
— Арыс қаласында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Шардара ауданында – 2 мектеп: 1200 орындық – 1 мектеп; 300 орындық – 1 мектеп;
— Сарыағаш ауданында – 4 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 3 мектеп;
— Бәйдібек ауданында – 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;
— Жетісай ауданында – 3 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;
— Келес ауданында – 3 мектеп: 600 орындық – 2 мектеп, 300 орындық – 1 мектеп;
— Сайрам ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Мақтаарал ауданында – 2 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;
— Отырар ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;
— Ордабасы ауданында — 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;
— Созақ ауданында – 1 мектеп: 900 орындық – 1 мектеп;
— Төлеби ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп;
— Сауран ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 2 мектеп.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 миллиард теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы ағымдағы жылдың қыркүйек айында бөлінетін болады.Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.
Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.
Тарқата айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 5200 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 4 мектеп, 3000 оқушы орын;
Жетісай – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Шардара – 1 мектеп, 1200 оқушы орын;
Бәйдібек – 1 мектеп, 300 оқушы орын;
Келес – 3 мектеп, 1500 оқушы орын;
Сайрам – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Отырар – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Төлеби – 3 мектеп, 1800 оқушы орын.
2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 558.
Дәлірек айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 1 мектеп, 1500 оқушы орын;
Жетісай – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Кентау – 2 мектеп, 2400 оқушы орын;
Қазығұрт – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Келес – 2 мектеп, 600 оқушы орын;
Сайрам – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Мақтаарал – 2 мектеп, 1800 оқушы орын;
Ордабасы – 4 мектеп, 3900 оқушы орын;
Түлкібас – 2 мектеп, 900 оқушы орын.
Жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеді.
– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды. Мәжілісте Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың осы бағыттардағы есептері тыңдалды.
Қазіргі таңда, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылды. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.
Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінді.Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде? Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды үнемі тапсырып келеді.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат