Көрме әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге арналған. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары — ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мөрінің макеттері, Түркістан өңіріндегі қасиетті жерлер мен сәулет ескерткіштердің фотосуреттері экспозициядан орын алды. Сондай-ақ, қазақтың атақты Тәуке, Қайып, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Кенесары сынды хандарының Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыста жазған хаттары экспозицияда көрініс тапты. Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің Петропавл төрінде көрмені өткізудегі мақсаты — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, туристер тарту болып табылады.
Түркістан өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қорғау жұмыстары жүйелі жолға қойылғанын айта кеткен жөн. Қорық-музей аумағында мемлекеттік акт алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы жер көлемі 2306,383 га. Құрамында 9 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1 халықаралық, 21 республикалық, 7 жергілікті маңызға ие.Музейлердің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыптағы 60-тан астам көрме ұйымдастырылады. Республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өнірінің аудандары түгел қамтылып келеді.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»