Жексенбі, 25 Қараша 2018 14:56

Түркістанда «Ұлттық құндылықтарымыздың рухани жаңғыруы» атты көрме ұйымдастырылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастырумен Түркістан қаласындағы М. Мәметова және №19 жалпы орта мектептерінде «Ұлттық құндылықтарымыздың рухани жаңғыруы» көрмесі өтті. Шара аясында шәкірттер музей қызметкерлері Оразов Талғат пен Берікбай Абдрасиловтің Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты музей қорындағы тарихи мұралар және кесене ғимаратының архитектурасы мен құрылымы,  онда сақталған кұнды жәдігерлер жайында лекциясын тыңдады.

Жыл басынан бері қаланың барлық білім ұяларында жоспарға сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқан шараның мақсаты - сан ғасырлық тарихы бар, барша түркі жұрты бас иген Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен ұлағатты үлгі-өнегесін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, мұралар тарихымен арнайы таныстырып, туған жер мен елдің қадіріне сүйіспеншілікпен қарауға үлес қосу, кесене мен онда жерленген тұлғалардың мәңгілік ізін ұғындыру. Осы орайда мамандардың мағлұматын тыңдап, аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерге де қызыға құлақ түрген оқушылар көрмеге келген туындылардың сыры мен құпиясына үңілді.

Әсіресе, кесененің Қазандақ бөлмесінің есігі жайлы ақпаратқа ынтыққан жасөспірімдер қақпаны безендірген өсімдік тектес оюлармен қатар ондағы терең мәнді сөздердің мәнін түсінді. Сондай-ақ,  Тайқазанның сыртқы безендірілуінде де тек қазақи нақыштар емес, түрлі араб жазуы арқылы Құран аяттары мен пайғамбар хадистері жазылғандығы туралы мәлімет  оқушыларға айрықша   рух сыйлағандай.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында Қожа Ахмет Ясауи және хан-сұлтандар мен би-болыстар және олардың төл мұралары, нумизматика мен археологиялық қазба жұмыстарынан табылған түрлі тарихи кезеңдерді айғақтайтыын 25 мыңға жуық жәдігер бар. Тарих танымдарын таныстыру мақсатында кесене мен мектептерде арнайы көрмелер жиі ұйымдастырылуда. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1653 рет